Қала атауын өзгерту үнемі қызу талқыға түседі
Әлеуметтік желілерде Щучинск қаласының атауын өзгертуге байланысты қоғам пікірі екіге жарылғанын жазған едік. Өңір тұрғындарының бірі аталмыш атаудың сол күйі қалғанын құптаса, бірі Абылай хан деп өзгерту қажет деп санайды. Осы ретте жергілікті органның позициясын білуге тырыстық. Сондықтан Ақмола облысының ішкі саясат басқармасына сауал жолдағанбыз. Соған жауап келді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Ақмола облысы ішкі саясат басқармасының басшысы Алмас Алин жауап берген.
«Облыс аумағында елді мекендерге атау беру және оларды қайта атау кезінде Республикалық ономастика комиссиясының отырысында мақұлданған «Қазақстан Республикасындағы ономастикалық жұмыстарды ұйымдастыратын әдістемелікұсынымдар» басшылыққа алынады. Аталған әдістемелік ұсынымдардың «Әкімшілік-аумақтық бірліктер объектілеріне атау беру және қайта атау кезіндегі ұсынымдар» деп аталатын 3-бөлімінің 4-тармағында: қалаларға, қала үлгісіндегі кенттерге, аудандарға, ауылдарға, ауылдық округтерге кісі есімдерін беруге жол бермеу туралы жазылған. Сондай-ақ Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің 2023 жылғы 1 тамыздағы № 211 бұйрығымен бекітілген «Әкімшілік-аумақтық бірліктерге, елді мекендердің құрамдас бөліктеріне атау беру, оларды қайта атау, сондай-ақ олардың атауларының транскрипциясын нақтылау мен өзгерту кезінде тиісті аумақ халқының пікірін ескеру қағидаларына» сәйкес Щучинск қаласы тұрғындарының пікірі ескерілуі тиіс.Осыған орай, Щучинск қаласы тұрғындары (әлеуметтік желіде) алдымен қаланың әлеуметтік мәселелерін (жолды жөндеу, көшелерді абаттандыру, жарықпен қамтамасыз ету, халықтың тұрмысын жақсарту және т.б) түзетіп, содан кейін ғана қаланы қайта атау мәселесін қарастыруды сұрайды. Щучинск қаласына Абылай хан есімін беру мәселесін санаулы адамдар ғана көтеріп жүр, осы себепті аталған мәселе бүгінгікүні күн тәртібінде тұрған жоқ», - делінген Алмас Алиннің жауабында.
Оқи отырыңыздар: «Абылай хан - есімін бір облысқа берерлік кесек тұлға»: Зиялы қауым Щучье қаласы атауының өзгеруіне қатысты не дейді
«Атау өзгерсе, халықтың санасы өзгереді»: Щучьенің Абылай хан болып өзгеруіне тарихшылар не дейді?
Жалпы Ақмола облысының ішкі саясат басқармасы жүрегі шайлығып қалған сияқты көрінді. Өйткені бұл өңірде ономастикалық мәселе өте көп. Қала, аудан, ауыл атауларынан бөлек, көшелердің де көбісі бізге бәймәлім есімдермен аталады. Оны өзгерту үнемі қызу талқыға түседі.
2022 жылы Ақмола облысында 11 елдімекен, 4 ауылдық округ пен 90 көшенің атауы өзгертілді. Мысалы, Ақмола облысы Зеренді ауданына қарасты Еленовка ауылының атауы Самалтау болып ауысты. Бұл да сол кезде үлкен қарсылықтарға тап болды.
Айта кетейік, қала атауын өзгерту мәселесі «Қазақстан Республикасы әкімшілік-аумақтық құрылысы» туралы Қазақстан Республикасы заңының 14-бабы, 4-тармақшасына сәйкес жүзеге асады. Щучинск тұрғындарының пікірі ескеріле отырып, ономастика комиссияның қорытындысы негізінде шешім қабылданады.