Тергеу келтірген дәлел мүлдем басқа
Алматыда өгей ұлын ұрып өлтірді деп айыпталған ер адам сотқа тартылған. Күдіктінің айтуынша, төрт жасар бүлдіршін баспалдақтан өзі құлап, ауыр жарақат алған, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі КТК телеарнасына сілтеме жасап.
Өткен жылдың қыркүйек айында төрт жасар бүлдіршін "Алма сити" тұрғын үй кешенінде көз жұмды. Сәби анасы мен оның студент көңілдесімен бірге тұрған. Оқиға болған күні келіншек 19 жастағы жігітке ұлын тапсырып жұмысқа кеткен. Сол сәтте жігіт мазасызданған Хантөренің қылығын көтере алмай, оны өлімше етіп сабаған көрінеді.
Анасы дереу ауруханаға алып кетіп, тәрбиешілерге астан уланды деп оқиғаны жылы жаппақшы болыпты.
"Құсқан себебі не?" деп сұрадым, мамасы "KFC жеді" деді. "Басын түсірдіңіздер ме, миы шайқалмаған ба?" деп сұрадым, "жоқ" деді. Хантөрені әкелгенде бір жақ қабағында жара болды, анасынан сұрағанымда “құлап қалды” деп жауап берді”, – деді балабақша меңгерушісі Әйгерім Уәлиханова.
Самал өзінен алты жас кіші жігітпен энергетика және электронды технологиялар колледжінде танысыпты. Келіншек сол жерде жұмыс істесе, ауыр қылмысқа барды деп айыпталып жатқан Дархан Дәулетов аталмыш оқу орнында оқыған. Сот отырысында ол баланы "қасақана ұрмадым" деп ақталумен болды.
“Бір рет жамбас тұсынан, құйрығынан алақанмен ұрғаным бар, оны растаймын және сол уақытта қолды-аяққа тұрмай, бой бермей, подъезде ары-бері жүгіріп, балабақшаға бармай, қарсылығын білдіртті. Сол кезде мен есікті құлыптап жатқанда ол абайсызда баспалдақтан құлап кеткен. Құрметті сот, өлтіру мүлде ойымда болған емес, болмады, қатты күш көрсеткен емеспін”, – деді айыпталушы Дархан Дәулетов.
Дегенмен тергеу келтірген дәлел мүлдем басқа. Айыпталушы балаға оннан аса соққы жасаған.
Бауыры мен бүйрегі езіліп, ішегі үзіліп кеткен бүлдіршін жансақтау бөлімінде жан тапсырған.