Ол Бишімбаевты бір жарым жылдан бері таниды екен
Астанада әйелін аса қатігездікпен өлтірді деп айыпталған экс-министр Қуандық Бишімбаевтың соты жалғасып жатыр. Бүгін куәгер ретінде сотқа онлайн қосылған көріпкел жауап берді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Мемлекеттік айыптаушы Айжан Аймағанова куәгер жеке басының қауіпсіздігі үшін ол сұралған кезде тікелей эфирді үзу туралы талап арыз айтты. Бірақ, судья Құлбаева зардап шеккен тарап пен Бишімбаевтың қорғаушылары айтқан пікірлерді ескере отырып, куәгер жабық түрде сұралмайтынын, алайда, оның түрі мен аты-жөні айтылмайды деген шешім қабылдады.
Куәгердің айтуынша, ол Бишімбаевты бір жарым жылдан бері таниды екен. Қуандық Бишімбавты бұл куәгермен анасы таныстырған көрінеді. Куәгер сол күні Бишімбаев қайта-қайта мазасыз алғанын, «бәрі жақсы деген хабарлама жіберіңізші» деп өтініш жасағанын айтып берді.
«Бишімбаев маған 9 қараша күні күндіз хабарласып, Салтанат екеуміз мас болып, төбелесіп қалдық деді. Мен «не болды, қай жері жараланды?» деп сұрадым. «Біз мейрамханада қатты мас болып, төбелесіп қалдық» деді. Мен жедел жәрдем шақырыңыз дедім. Ол өзі адам төзгісіз кісі ғой. Маған қайта-қайта телефон шалып, «Салтанат оянады деп айтыңызшы», «Салтанат оянбай жатыр, бірдеме істеңізші» деді. Мен «дәрігерге барыңдар, мен не істей аламын?» дедім. Ол өзіме «қайдағы жедел жәрдем, ол оянады» деді. Ол мас болды, маған қайта қайта хабарласып, мазамды алды», - дейді куәгер.
Оның айтуынша, Қуандық Бишімбаев өзінің атақ абыройы үшін қорқатынын және Шымкентке келгенде көріпкелдің қабылдауында болғанын айтты.
«Ең басында маған Салтанат ұйықтап жатыр деді. Қорылдап жатыр деді. Бір нәрсені қайта-қайта айта береді, мен телефон тұтқасын қоя салдым. Кешке таман Салтанаттың жағдайы нашарлап кетті деді. Мен дәрігерге бар дедім», - деді куәгер.
Көріпкел сол күні полицияға неге хабарламадыңыз деген сұраққа «хабарласпадым» деді.
Көріпкел кейінгі үш күнде әртүрлі нөмірмен қоңырау шалып, белгісіз біреулер қорқытып жатқанын айтып, полицияға жүгінетінін жеткізді.