Журналистің айтуынша, оған бүгін бір кісі хабарласқан
Журналист Гүлбану Әниятқызы балабақшада жарақат алып, жансақтау бөліміне түскен баланың оқиғасын айтып, туыстары көмек сұрағанын жеткізді,деп хабарлайды Qaz365.kz.
«Бүгін таң атпай шырылдап бір кісі хабарласты. Ақмола облысы, Шортанды ауданы, Ақсу ауылындағы балабақшаның екінші қабатынан немересі құлап, жілігі сынған, бас сүйегі жарақаттанған. Айтуынша, жедел жәрдем көлігі бұзылып қалып, дәрігер жаяу келіп, баланың жарақатын таңып берген. Өздері көлік тауып аудандық ауруханаға апарған. Ол жерде директор жоқ деп 40 минут қабылдамаған. Ақыры өз көлігімен Астанаға жеткізіпті. Көп қан жоғалтқан балақай қазір жансақтау бөлімінде жатыр. Неткен жауапсыз, неткен қатігездік?! Балабақша басшылығы қайда? Қансырап тұрған балаға неге бірден көмек көрсетпей салғыласып жүр?! Мынау сұмдық екен! Мына іске құзырлы органдар араласуы керек. Астанадағы әріптестер. Баланың жағдайы қиын. Туыстары сұхбат бермекші. Көмектесіңіздерші», – деп жазды журналист.
Видеода әкесі баласының қай жерден құлағанын көрсеткен.
«Ерасыл мына терезеден құлаған. Терезеге решетке қойылмаған. Тек масаға арналған сетка ғана таққан. Камера да бар, барлығы көрінеді. Ерасыл екінші қабаттан құлаған. Басынан қан кеткен. Біз келгенде балабақша қызметкерлері қанын жуып қойыпты», – дейді әкесі.