19 жастағы кіші сержант Сарыөзек гарнизонындағы әскери бөлімде жұмыс істеген
ҚР Құрлық әскерлерінің баспасөз қызметі келісімшарт бойынша әскери қызметші қару-жарақты қолдану ережелерін бұзғанын мәлімдейді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Оқиға жайлы ақпарат алғашында sadaqmedia сайытнда тараған. Порталдың хабарлауынша, Жетісу облысының Сарыөзек ауылында 19 жастағы әскери қызметшіге оқ тиіп, ауруханаға түскен. Оқиға 2 қыркүйек күні болған. Аталған факт бойынша қылмыстық іс қозғалды. Оқ тиіп жараланған әскери қызметкер – Темірбек Мыңжасаров. 19 жастағы кіші сержант Сарыөзек гарнизонындағы әскери бөлімде жұмыс істеген.
Әскери қызметшінің әкесі оқ тиген ұлын бастықтары ауруханаға апармай, пәтерде тығып ұстаған айтып шағымданған.
Оқиғаға байланысты Қазақстан Республикасының Құрлық әскерлерінің баспасөз қызметі түсініктеме берді.
«2024 жылғы 2 қыркүйекте Сарыөзек гарнизонындағы 12740 әскери бөлімінің келісімшарт бойынша әскери қызметшісі қару-жарақты қолдану ережелерін бұзудың салдарынан оң қолынан жарақат алды. Әскери қызметші Талдықорған қаласындағы облыстық ауруханаға жатқызылып, оған барлық қажетті медициналық көмек көрсетілді. Зардап шегушінің денсаулық жағдайы қанағаттанарлық. Аталған факті бойынша қылмыстық іс қозғалды. Тергеу мүддесі үшін өзге де ақпарат жариялауға жатпайды», - делінген түсініктемеде.