Полиция аталған деректі растады
Бұл туралы әлеуметтік желіге КТК журналисі Диас Нұрақын жазды. Оқиғаның мән-жайы белгілі болды.
«Кеген ауданында үш адам ашық жатқан құдыққа құлап көз жұмды. Арасында 15 жастағы бала да бар екен. Бұл оқыс оқиғаға суға жауаптылар тікелей кінәлі. «КегенСу» мекемесінің былығын алдағы уақытта бөлек жазамын. Тек ақша жинауды біледі олар. Бейбіт күнде бақилық болғандардың отбасына сабыр берсін» - деп жазады ол.
Qaz365.kz тілшісі жергілікті журналист Мақпал Шаданмен сөйлескен. Ол оқиғаның қалай болғанын баяндап берді.
«Шамамен үш сағат бұрын «Кеген Су құбыры» мекемесіне қарасты аурухананың маңындағы көшедегі құдықтардың біріне Кеген ауылының бір тұрғыны 15 жастағы баласымен түсіп кеткен. Бұл жерде мәселе былай болып тұр: аурухана маңындағы көшеде біраз жыл бұрын жол жасалған. Сол жол жасалған кезде еш жерде құдыққа қатысты талаптар сақталмаған. Себебі ішінен асфальт төселген кезде ол асфальт жердің бетіне жеткізіліп, көтерілуі керек болған. Ондай ештеңе жүргізілмей, бетіне асфальтмен төсеп кеткен. Сумен жиі проблема болады. Сондықтан, тұрғындар құдықты ашып, асфальтты ойып, ашып қойған», - дейді ол.
Журналистің айтуынша, екі-жыл бойы сол құдыққа ешкім қарамаған. Апаттық жағдай болмасын деп, пакрышка тастап кеткен. Бір жарым ай бұрын Кегенде жерасты канал салынды. Салынған кезде құдықтың бетін бекітіп кеткен. Үйде су болмай қалған кезде екі тұрғын құдықтың бетін қазып ашқан кезде түсіп кеткен.
«Қайтыс болған бір адам 1966 жылғы Серік деген азамат. Екіншісі 1981 жылғы Серікбай Айтбаев. Одан кейін Жұмабек Мақсат Серікбайұлы – 9 сынып оқушысы. Құдықтың тереңдігі 1,5 метр ғана. Үшеуі де уланып қайтыс болған, - деді Мақпал Шадан.
Полиция аталған деректі растады.
«Бұл дерек Кеген ауданының полициясында тіркелді. Қайтыс болған адамдардың денелері мәйітханаға жіберілді, сот-медициналық сараптама тағайындалды», - деп хабарлады облыстық ПД баспасөз қызметі.