×

Алматыда күзетшіні азаптап өлтірген экс-депутаттың ұлы жазадан құтылып кетті

Күзетшіні өлтірген күдіктінің денсаулығына байланысты сараптама нәтижесі шыққан

Алматыда күзетшіні азаптап өлтірген экс-депутаттың ұлы жазадан құтылып кетті
Фото: ktk.kz

Жақында Алматы қалалық прокуратурасы биылғы жылдың 29 наурызында «Меркур Тауэрс» тұрғын үй кешенінің күзетшісін өлімше етіп сабап, көлікпен бірнеше рет басқан қылмыскерге қатысты істің тоқтатылғанын мәлімдеген еді. Марқұмның жақындары бұған наразылығын білдірді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Құзырлы органның мәліметінше, кісі өлтіру дерегі бойынша сотқа дейінгі тергеу 29 наурыз күні басталғанымен, артынша іс тоқтатылған. 

«Қазір қылмыстық қудалау органы Қылмыстық іс жүргізу кодексінің 45-бабының 7-бөлігінің 4-тармағы негізінде сотқа дейінгі тергеп-тексеруді тоқтату туралы шешім қабылдады», – делінген хабарламада.

Көрсетілген бапқа сәйкес, сотқа дейінгі тергеп-тексеру мерзімі заңда белгіленген тәртіппен куәландырылған күдіктінің, айыпталушының психикасының уақытша бұзылуы немесе өзге де ауыр сырқаты болған жағдайда тоқтатылады.

Еуразия арнасындағы «Көреміз» бағдарламасына келген марқұмның жақындары бұған наразы. 

Осы сұмдық жағдайдың болғанына да бес айға жуық уақыт өтті. Десе де, марқұмның туыстары күдіктіге тағайындалған сот сараптамасына күмәнмен қарайды. 

«Рентген суретін көрген кезде өте қорқынышты болды. Сүйектерінің барлығы қирап қалған. Аяқтарын тек қана бұлшық еттері ұстап тұрды. Көрген кезде жағдайы өте ауыр болды», – дейді Нұрболды соңғы рет көрген Жоламан Жұмабекұлы.

Алты ай бойы тергеу жұмыстары жүргізілгенімен, әлі күдікті түрмеге қамалмаған. Оған қатысты қазір шизофрения диагнозы қойылып отыр.

Нұрболдың артында 2 ұл, 1 қызы қалды. Ол отбасын асырау үшін жұмыс таңдамаған. Күзетші соңғы қызметінде небәрі 150 мың теңге айлық алған.

«Нұрболды жерлеп жатқан кезде, адвокатпыз деп екі жігіт келді. Кешке қарай Нұрболды жерлеп біткеннен кейін бес адам – бір әйел мен төрт еркек келді. Кіші баламды алып кетіп сөйлеспек болғанда рұқсат бермедім. Келгендер өлтірген баланың әке-шешесі екен. Туысқандар болып барлығымыз сөйлестік. Анасы менімен сөйлесіп отырды. Тоғыз жыл бұрын қызы қайтыс болғанын, баласының ауырып қалғанын айтты. Оның екі қызы мен әйелі бар екенін де айтты. Ауырады, дерті бар демеді, қызым қайтыс болған соң, балам біртүрлі болып қалды деп айтты. Сізге ақша салайық, балаңыздың қырқын өткізіп берейік деді. Мен келіспедім», – дейді марқұмның анасы.

Осы іске күдікті деп танылып, психикалық ауытқуына байланысты ісі тоқтатылған Асқар Тастандиев – бұрынғы депутаттың ұлы. Яғни Асқар Тастандиев – 1994-1995 жылдары Жоғары Кеңестің депутаты болған Саламғазы Тастандиевтің баласы. Әкесі бір кездері Талдықорған облысында прокурор болып жұмыс істеген.

Журналист Михаил Козачков Асқар Тастандиев экс-министр Қуандық Бишімбаевпен бірге оқыған деп отыр.

«Маған оқырмандар күзетшіні өлтірді деп күдікке ілінген Асқар Тастандиевтің Қуандық Бишімбаевпен бірге оқығанын жазып жатыр. Narxoz университетінде бір топта әлде бір курста оқыған», - дейді Михаил Козачков.

Ал Асқар Тастандиевтің өзі бизнеспен айналысқан. Ажырасқан, екі баласы бар. Күдікке ілінген азамат тұрғын үй кешеніндегілерге де тыныштық бермеген көрінеді. Күдіктінің әкесі өз баласын танымаймын деп, сұрақтарға жауап беруден бас тартқанымен оның көршілері Асқар Тастандиев туралы бар білгенін бөлісті.

«Оның ата-анасы мемлекеттік қызметте жұмыс істеген, экс-прокурор. Оның былығын үнемі жауып жүрді. Қазір оның психиатриялық-наркологиялық диспансерде тіркелгені туралы айтып жатыр. Мен қоғамнан және мемлекеттен бұл жағдайды қараусыз қалдырмауын өтінемін. Себебі біз бұл жағдай туралы учаскелік полицияға шағым білдіргенбіз. Мұның соң кісі өліміне дейін алып келді. Бұған дейін де бірнеше рет біздің тұрғын үйдің диспетчерін де ұрып-соғып, күзетшілермен жанжалдасқан. Тіпті балаларымызды далағ шығаруға қорқамыз. Оған үнемі есірткі тасымалдаушылар есірткі әкелген, үнемі ішімдік ішкен деп айтады», – деді тұрғындардың бірі.

Тағы бір тұрғынның айтуынша, ол күдіктінің жоғарғы қабаттағы терезеден аяғын салбыратып отырғанын көрген. 

Нұрболға сол күні есікті ашпа деген бұйрық берілген. Марқұм есікті ашпағаны үшін өлім құшқан дейді. 

«Бізді түнгі екі жарымға қарай Нұрболды ұрып жатыр деп диспетчер шақырды. Біз барған кезде, күдікті жасарын жасап кеткен еді. Жедел жәрдем шақырып, Нұрболды салып жібердік», – дейді Асхат Қонақбаев.

Куәгерлердің сөзінше, мас болмаған кезінде күдікті қарапайым адам ретінде танылған, ешқандай ауытқу байқалмаған. Ол ата-анасымен бірге тұрған көрінеді. Сол күні ата-анасы Нұрболдан ұлдарын шығармауды өтінген. Бірнеше рет қақпадан шықпақ болған күдікті соңғы мәрте өзін ұстай алмай қалған көрінеді.

Күзетшіні өлтірген күдіктінің денсаулығына байланысты сараптама нәтижесі шыққан. Алдын ала қойылған диагноз бойынша, күдікті органикалық сандырақ (шизофрения тәрізді бұзылыс), тұлғаның дисоциалды бұзылысы және тұлғаның эмоционалды тұрақсыз бұзылысына шалдыққан. 

Марқұмның анасы күдіктінің мұндай диагнозбен қалай көлік айдап жүргеніне аң-таң.

Писхотерапевтің айтуынша, органикалық сандырақ адам жарақат алған соғ пайда болатын мидың бұзылысы екенін айтады. 

«Галлюцинация кезінде жоқ адамның дауысын естуі, адам мұндай күйде терезеден секіріп, тіпті адам өлтіріп қоюы мүмкін. Ол арнайы стационарда ем алуы керек. Мұндай адамдар көлік жүргізбейді, қызын оқудан алып кетіп, кәсіппен айналыса алмайды. Оған рұқсат жоқ. Бірақ психдиспансерде жатқанның бәрі шизофреник емес», – дейді ол.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора
Qaz365.kz редакциясы

 Редактор

Бөлім жаңалықтары

Тағы оқыңыз
Шерзат Болаттың үйі өртенді: облыс прокуроры кімдерге ескерту жасады?
Бүгін, 21:45

Шерзат Болаттың үйі өртенді: облыс прокуроры кімдерге ескерту жасады?

Алматы облысының прокуроры Берік Адамов барлық тергеу әрекеттері Бас прокуратураның бақылауында екенін атап өтті.
Алматы облысы ПД тәртіп сақшылары тарапынан қаза тапқан 16 жасар Шерзат Болаттың отбасы тәулік бойы күзетілетінін хабарлады
Аймағамбетов кінәлілерге қарсы зорлық-зомбылық таныту мәселені шешпейтінін ескертті

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →