Оқиға 1 қазан күні орын алған
Павлодардағы білім ошақтарының бірінде оқушы қыз мектепке ойыншық тапанша әкеліп, оны құрбыларына көрсеткенде абайсызда 6 сынып оқушысының көзіне оқ атқан, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Оқиға 1 қазан күні орын алған. Оқушы қыз сөмкесінен тапанша алып шығып, оны сыныптастарына көрсеткен уақытта кездейсоқ өтіп бара жатқан басқа оқушының көзіне оқ тиген.
Павлодар облыстық балалар ауруханасының мәлімдемесіне сәйкес зардап шеккен балаға көз алмасының зақымдануы және конъюнктиваның сыдырылуы диагнозы қойылған.
«Баланың жарақаты емделіп жатыр. 1 қазан күні бірінші сабақтан кейінгі үзіліс кезінде 5 сынып оқушысы ұл баланың көзіне ойыншық мылтықпен абайсызда оқ атқан. 2011 жылы туған бала алдымен аудандық ауруханаға жеткізіліп, кейін Павлодар облыстық ауруханасына жіберілді. Ол сағат 14:00-де травматология бөліміне келген», – деді дәрігерлер.
Зардап шеккен бала Павлодардағы дәрігерлер бақылауында. Аталмыш оқиға бойынша полицейлер әкімшілік материал толтырып, кеңес өткенін хабарлады.
«Заңды өкілге қатысты тәрбие мен білім беру, құқықтары мен мүдделерін қорғау, қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары бойынша міндеттерді орындамау фактісі бойынша әкімшілік материал толтырылды. Мектепте профилактикалық кеңес өтті», – деп хабарлады Павлодар облыстық полиция департаментінен.