×

Тікұшақ апаты: «Екі орындықтың ортасына түсіп, аман қалдым»

Құлаған тікұшақтан аман қалған екі қызметкер қалалық көпбейінді ауруханада ем алып жатыр

Тікұшақ апаты: «Екі орындықтың ортасына түсіп, аман қалдым»
ҚР ТЖМ

БҚО-дағы МИ-8 тікұшағы апатынан зардап шеккен инженер оқиғаның қалай болғанын айтты, деп хабарлайды qaz365.kz тілшісі «Алматы» телеарнасына сілтеме жасай отырып.

Құлаған тікұшақтан аман қалған екі қызметкер қалалық көпбейінді ауруханада ем алып жатыр. Аурухананың қабылдау бөлімінің меңгерушісі олардың кешкі 19:45-те жеткізілгенін айтады. Апаттан зардап шеккендерге «жабық бас-ми жарақаты» диагнозы қойылған. Оларға реаниматолог, нейрохирург, травматолог дәрігерлердің қатысуымен медициналық көмек көрсетілді. Қазір жағдайлары бірқалыпты.

«Зерттеу шарасы жүргізілді. Басы, кеудесі рентгенге түсіріліп, іш құрылысына ультрадыбыстық зерттеу жасалды. Ешқандай жарақат табылмады. Екеуінің де түскенде ақыл-есі түзу, жалпы жағдайы орташа болды, барлық сұрақтарға жауап берді. Екеуі де нейрохирургия бөліміне жатқызылды. Жабық бас-ми жарақатын алып, милары шайқалған. Біреуінің астыңғы, үстіңгі еріндері көгерген. Қазір ем алып жатыр», – деді аурухананың қабылдау бөлімінің меңгерушісі Еркін Ақбаллин.

Зардап шеккендердің бірі – «Қазавиақұтқарудың» жетекші инженері Сергей Щеглов. Оның  өміріне қауіп төніп тұрған жоқ. Тәжірибелі маман осы салада 1981 жылдан бері еңбек етіп келеді.

«Мен тікұшақтың артында отырдым. Ештеңе есімде жоқ. Не бары 5 секундта бәрі өзгеріп кетті. Екі орындықтың ортасында қалдым. Басымнан қан кеткенін байқадым. Бетімді шүберекпен жаптым, содан ештеңе көрмедім. Бұған дейін біз адамдарды құтқарсақ, бұл жолы өзіміздің басымызға сондай күн туды. Құтқарушыларға, дәрігерлерге – бәріне алғыс айтамын. Тікұшақ үш сағаттай ұшты, бәрі жақсы болды. Оның шығарылғанына да көп болмаған, бар болғаны 250 сағат ұшқан. Не болғанын өзіміз де білмей қалдық», – деді «Қазавиақұтқару» инженері Сергей Щеглов.

Аталмыш оқиғаға қатысты Төтенше жағдайлар министрлігі мәлімдеме жасады. Ведомствоның ресми өкілі Руслан Иманқұлов қатты екпінмен келіп қонған Ми-8 тікұшағының басқаруға келмегенін айтты. Әзірге апатқа не жағдай себеп болғаны белгісіз. Ал тікұшақ жаңа екен. Қаза болғандар - борт механик-нұсқаушы Сиязбек Андосов, жетекші инженер Жәрдем Досқалиев, ұшқыш-нұсқаушы Дәулетбай Қанатов пен екінші ұшқыш Владимир Афанасьев. Төтенше жағдайлар министрлігі марқұмдардың отбасына материалдық қолдау жасалатынын айтты. Ресми өкілдің айтуынша, экипаж мүшелерінің бәрі кәсіби білікті маман болған.

«2021 жылы жасап шығарылған МИ-8 тікұшағы әуеде 250 сағатты ұшқан. Тікұшақ 2023 жылы 17 қаңтарда Атырау қаласында мерзімді техникалық қызмет көрсетуден өткен болатын. Индустрия және инфрақұрылымдық министрілігінің қызметкерлері сол жаққа барды. Өздеріңіз естігендей, осы тікұшақты жасаған қызметкерлер толық келді. Олар өз қорытындыларын айтуы керек», – деді ҚР Төтенше жағдайлар министрлігінің ресми өкілі Руслан Иманқұлов.

Ішкі істер министрлігі оқиғаға қатысты қылмыстық іс қозғады. Сондай-ақ осы апаттан соң ел аумағындағы әуекомпаниялардың тікұшақтарын тексеру жұмысы басталмақ.

Еске сала кетсек, БҚО-дағы тікұшақ апаты 23 ақпанда түстен кейін сағат 16:00 шамасында болған. «Қазавиақұтқаруға» тиесілі МИ-8 тікұшағы «ҚазТрансОйл» акционерлік қоғамының магистральды мұнай құбырлары желісін жоспарға сай көктен шолуға шыққан. Қайтар жолда Орал әуежайынан 54 шақырым жерде бар екпінімен қонған.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Бөлім жаңалықтары

қосымша іс-шара өткізер болсақ, демеушілердің көмегімен өткіземіз
Қазақстан адам саудасына қарсы күрес бойынша әлем елдерінің екінші санатына кіреді
Коллекциялық монеталар Қазақстан теңге сарайында дайындалған

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →