МӘМС-ке артық төленген ақшаны қайтарып алуға болады
Мәжіліс депутаты Ерлан Сайыров Денсаулық сақтау министрінен неліктен екі-үш жерде жұмыс істейтін азаматтардың сонша жерде жарна төлейтіні туралы сұрады, деп хабарлайды Qaz365.kz.
«Егер азаматтар екі жерде жұмыс істесе, МӘМС жүйесі бойынша екі жерде жарна төлеу қажет. Тағы бір сорақысы, бір жылдың ішінде белгілі қызмет алмаса, ол қаржы жойылып кетеді. Бұл енді бүкіл халқымызды қанау болып табылады. Негізінде МӘМС жүйесі ашық болу керек. Екіншіден, азаматтар өзінің жарнасының қалай толып жатқанын мынау бүгінгі таңда көріп отыру керек. Ең негізгісі, бір жыл қызмет алмаса, келесі жылы сол қаржыға қызмет алуға құқылы болу керек. Бұл – әлеуметтік әділеттіліктің принципі. Осындай жүйені біз МӘМС-те қашан құрамыз. Сол үшін сіздер қандай нақты қадамдар жасап жатырсыздар», – деді депутат.
Министр Ақмарал Әлназарова МӘМС жүйесі және онда төленетін ең аз он еңбекақы жайын баян етті.
«Бүгінгі таңда МӘМС жүйесіне төленетін ең аз он еңбекақы – 850 мың теңгені құрайды. Ең төменгі жарна пұлдың көлемі – 4250 теңге, жылына – 49 мың теңге көлемінде. Бұл қаражаттың барлығы қорда жиналып, негізі кез келген азаматтың МӘМС жүйесіндегі бар азаматтар үшін жоғары технологиялардың қызметтерінің қолжетімділігін қамтамасыз етеді. Ең орташа бағамен алғанда жоғары мамандандырылған көмек операциялардың түрлері – 3,5 млн теңге», - деді министр.
Әлназарованың сөзінен кейін депутат Сайыров ашуға мініп: «Мен бірінші рет бас десе, құлақ дейтінді көріп тұрмын» деді. Ол өзінің нақты сұрақ қойғанын айтып, сауалын орыс тілінде қайта қойды.
Депуттаттан кешірім сұраған Әлназарова екі немесе үш жерде жұмыс істейтіндерден сақтандыруға барлық жұмысынан жарна ұсталатынын, жарна көлемі 850 мыңнан асып кеткен жағдайда азаматтар артық қаражатты сақтандыру қорынан қайтаруға өтініш бере алатынын мәлімдеді.
«Расымен, екі немесе үш жерде жұмыс істейтін азаматтардың жарнапұлдары ұсталады деген мәселе бар. Бірақ барлығын қосқанда 850 мың теңгеден 10 еселенген ең төменгі жалақының көлемінен аспау керек. Ол асқан жағдайда МӘМС-тің жергілікті филиалына немесе орталығына арыз-шағым жазып, үстіндегі қаражатты қайтаруға мүмкіншілігі бар. Ол 49 мың теңгені жылдан-жылға ауыстыруға 10 жылда жинағанда бір операцияның көлемінде аспайды. Қаншалықты орынды екенін бірлесе отырып қарасақ», - деді Денсаулық сақтау министрі.