Алдағы бес жылда аймақта 3,2 млн шаршы метр тұрғын үй салу көзделген
«AMANAT» саяси ұйымының БҚО-дағы сайлауалды штабы мүшелері мен партиялық тізім бойынша облыстық мәслихат депутаттығына кандидат Абзал Насиолла Оралдағы «Караван» базарына барып, жұртшылықпен жүздесті, деп хабарлайды qaz365.kz.
Халықаралық әйелдер мерекесі қарсаңында сауда орталығында қызу қарбалас болып жатыр. Әйткенмен жұртшылық партияның үгіт-насихат жұмыстарына бейжай қарамады. Штаб мүшелері көшбасшы саяси ұйымның сайлауалды бағдарламасында көрсетілген негізгі бағыттарды атап өтіп, жан-жақты түсіндірді.
– Партия алдымен әлеуметтік салаға басымдық беріп отыр. Халықтың табыс көлемін арттыру міндеті қойылды. Егер табыс артса, тұрмыс сапасы жақсара түседі. Аймақта шағын және орта бизнесті қолдау және дамыту жоспарда. «Ауыл аманаты» жобасы шеңберінде ауыл тұрғындарына 2,5% мөлшерлемемен несие беріледі. Олар бұл қаражат есебінен өз кәсібін бастап, кіріс көлемін ұлғайтады. Сонымен қатар жаңа жұмыс орындарын ашып, ауылдастарын да еңбекке тарта алады, – дейді кандидат.
Тұрғындардың көбін баспана мәселесі толғандырып жүр. Әлеуметтік санаттар бойынша тұрғын үй кезегіне тіркелген отбасылардың біразы әлі пәтер ала алмай келеді. Жайық өңірінде 3,3 мың көпбалалы отбасы және 11,5 мың әлеуметтік осал топтар санатындағы отбасылар үй кезегінде тұр екен. Партия оларды баспанамен қамту бағытында іргелі жұмыстар легін жоспарлап отыр.
Алдағы бес жылда аймақта 3,2 млн шаршы метр тұрғын үй салу көзделген. Соның ішінде 400 мың шаршы метрі «Қуатты өңірлер» ұлттық жобасы шеңберінде салынады. Оннан астам апатты тұрғын үйлер сүріліп, орнына жаңа ғимараттар бой көтереді. 118 тұрғын үй күрделі жөндеуден өткізілмек. Оның алтауы - аудандарда, ал қалғаны - Орал мен Ақсай қалаларында.
Жоспарланған жұмыстар жүйелі орындалса, бес жыл ішінде 20 мыңға жуық отбасы баспанамен қамтамасыз етілмек.
Жұртшылықпен жүздесуде штаб мүшелері мен кандидат осы және өзге де іргелі істер жөнінде баяндап, партияға сенім артуға үндеді.
– Баршаңызды сайлауға қатысуға шақырамын. Мына үнпарақтарда көрсетілген QR-код арқылы партияның сайлауалды бесжылдық бағдарламасының толық нұсқасын оқи аласыздар. «AMANAT» партиясы халықтың өзекті мәселелерін шешуге күш салады. Сондықтан сайлауда осы ұйымға дауыс беруге шақырамын, – деді штаб өкілі Гауһар Шайхиниязова тұрғындарға.
Батыс Қазақстан облыстық мәслихаты депутаттарының сайлауында партиялық тізімді ұсынған "AMANAT" партиясы Сайлау қорының қаражатынан төленді.