Олар Қазақстанда 8 есірткі зертханасын құрмақ болған
ІІМ Есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл департаменті ауқымды арнайы операция барысында интернет-ресурстардың көмегімен синтетикалық есірткілер өндірісін және оларды Қазақстан аумағында өткізуді ұйымдастырған трансұлттық қылмыстық топтың қызметін жойды, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшсі Polisia.kz-ке сілтеме жасап.
Былтыр жыл аяғында Алматы облысындағы ведомствоның жедел қызметкерлері жедел шаралар жүргізді. Шара барысында өңір аумағында үш жасырын зертханада синтетикалық есірткі өндірісін ұйымдастырған сегіз шетелдік анықталып, ұсталған болатын.
Одан әрі жедел-іздестіру іс-шаралары барысында полиция қосымша осы қылмыстық топты қаржыландыруға, сондай-ақ прекурсорларды (есірткі өндіруге арналған химиялық заттарды) және зертханалық жабдықтарды шетелден Қазақстанға жеткізуге жауапты екі шетелдікті, яғни негізгі ұйымдастырушыларды анықтаған.
"Прекурсорларды жеткізуді, сақтауды және өткізуді ұйымдастырған ұйымдастырушылардың бірі Алматы қаласында ұсталды. Тінту барысында ол жалға алған алты қоймадан есірткі өндіру цикліне арналған сегіз "реактор" деп аталатын арнайы зертханалық жабдық және 13 тонна прекурсорлар тәркіленді", - делінген хабарламада.
Осылайша, елімізде екі тонна синтетикалық есірткі өндіруге (бұл 4 миллион доза) және сегіз ірі есірткі зертханасын құруға жол берілмеді. Сондай-ақ, синтетикалық есірткі өндіруге арналған 30-дан аса басқа жабдық, оның ішінде вакуумдық сүзгілер, терморегуляторлар, сорғылар тәркіленген. Үш жеке үй мен үш автокөлікке тиым салынды.
Тергеу жалғасып жатыр.