Екі қызметкер де қызметінен босатылды
Түркістан облысында екі полиция қызметкері есірткі сатқан деген күдікпен қолға түсті. Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрлігі ҚазАқпарат агенттігінің ресми сауалына берген жауабында мәлімдеді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
ІІМ мәліметінше, күдіктілерді Ішкі қауіпсіздік департаменті мен Түркістан облыстық Полиция департаментінің өзіндік қауіпсіздік басқармасы бірігіп ұстаған.
«Құқыққа қарсы әрекет жасады деген күдікпен екі полицей ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Ал олардың бірі қашып кетті деген ақпарат шындыққа сәйкес келмейді», – деді министрліктің ресми өкілі Шыңғыс Әлекешев.
Аталған дерек бойынша қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.
«Полиция департаментінде тәртіптік комиссияның отырысы өтті. Нәтижесінде екі қызметкер де қызметінен босатылды», – деп хабарлады Әлекешев.
Сонымен қатар өзге де басшылық құрам өкілдеріне қатысты қызметтік тексеріс басталған.
Бұған дейін журналист Михаил Козачков өзінің Telegram-арнасында Түркістан облысында полицейлердің тәркіленген есірткіні қайта сатып жүргені туралы жазған еді. Оның дерегінше, ұсталғандардың бірі – есірткі қылмысына қарсы іс-қимыл басқармасы басшысының орынбасары, ал екіншісі – жедел уәкіл болған.