×

Жасанды интеллект дәуіріндегі журналистика қандай болмақ: Astana Media Week 2025 басталды

Жасанды интеллект дәуіріндегі журналистика қандай болмақ: Astana Media Week 2025 басталды
Мәдениет және ақпарат министрлігі

Бүгін, 5 қараша күні, Астанадағы «Қазмедиа» орталығында Astana Media Week 2025 өз жұмысын бастады, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Тоғызыншы жыл қатарынан өтіп жатқан медиафорум бүгінде Қазақстандағы медиа индустрияның дамуына арналған ең ірі алаңға айналып отыр. Форумға халықаралық және отандық медиамамандар, медиабизнес өкілдері мен мемлекеттік құрылымдар жиналды.

Медиааптаның алғашқы күні «Жасанды интеллект пен цифрландыру кезеңіндегі журналистиканың жаңа бағыттары: қоғам сенімі және өркендеу» атты пленарлық сессиямен ашылды. Шара қатысушыларына Қазақстан Республикасының Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаеваның құттықтау хаты оқылды.

Министр өз сөзінде ақпараттың басты ресурсқа айналған заманда мұндай алаңдардың маңызы арта түскенін атап өтті.

«Бүгінде Қазақстан кеңістік пен уақыт тоғысындағы ерекше кезеңді бастан өткеруде. Мемлекет, қоғам және медиа елдің алдағы дамуының жаңа бағыттарын айқындап келеді. Президент айтқандай, “Әділетті Қазақстанды” құруда осындай өзара байланыс берік іргетасқа айналуы тиіс», – деді ол.

Аида Балаева Digital News Report зерттеуіне сүйене отырып, Қазақстан азаматтарының БАҚ-қа деген сенімі Орталық Азиядағы ең жоғары деңгейде екенін айтты. Бұл – медиасаланы реформалау бағытында жүргізілген жүйелі саясаттың нәтижесі екенін атап өтті.

Министр сондай-ақ Қазақстан өңірде алғашқылардың бірі болып халықаралық стандарттарға, соның ішінде Digital Services Act қағидаттарына негізделген «Онлайн-платформалар және онлайн-жарнама туралы» заң қабылдағанын айтты. Жаңа «Масс-медиа туралы» заң редакциялардың құқықтық мәртебесін күшейтіп, журналистерді қорғау және ақпаратқа қол жеткізу тетіктерін нақтылаған.

Пленарлық отырыста ҚР Мәдениет және ақпарат вице-министрі Қанат Ысқақов, Euronews телеарнасының өкілдері Боян Бркич пен Денис Локтье, Өзбекстан Ұлттық медиа қауымдастығының бас директорының орынбасары Санжар Устабобоев, TRT корпорациясының Қазақстандағы өкілі Мехмед Захид Чалышкан, сондай-ақ «Жетінші арна» директоры Илхам Ибрагимов сөз сөйледі.

Күннің екінші жартысында «Журналистика тоғысында: жасанды интеллекті бар цифрлық медианың пайда болуы» атты панельдік сессия өтті. Онда медианың трансформациясы, AI құралдарының рөлі және стримингтік платформалардың болашағы талқыланды.

Форум аясында 5–7 қараша аралығында Astana Media Week контент-маркеті өтеді. Мұнда Қырғызстан, Өзбекстан, Қытай және Қазақстанның продакшн-компаниялары мен дистрибьюторлары жаңа жобалар мен бірлескен өндіріс идеяларын ұсынады.

Медиаапта соңында ең белсенді қатысушыларға арнайы сыйлықтар табысталады. Үздік сұрақ қойғандар стримингтік сервистердің жазылымына және бас жүлде — Самарқандқа саяхат ұтып алуға мүмкіндік алады.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора

 Редактор

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →