Оған қатысты сот үкімі бір ай бұрын жариялануы керек еді
Қаңтар оқиғасы бойынша тергеліп жатқан Алматы және Жетісу полиция департаменттерінің экс-басшысы Серік Күдебаев сот үкімі шыққанға дейін елден қашып кетті, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі Nege.kz сайтына сілтеме жасай отырып.
«Қаңтар оқиғасы бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылған Алматы облысы полиция департаментінің бұрынғы басшысы Серік Құдебаев елден қашып кетті. Оған қатысты сот үкімі бір ай бұрын жариялануы керек еді, бірақ неге екені белгісіз, сот оны осы уақытқа дейін әртүрлі себептермен кейінге қалдырып келді. Ал Күдебаев болса, жүрек ауруын сылтауратып, ауруханаға жатып алды», - делінген хабарламада.
Дереккөздің айтуынша, Күдебаевтың қашуы осылайша дайындалған болуы ықтимал, өйткені елден шықпау туралы қолхатының мерзімі аяқталғаннан кейін ол шекарадан еш кедергісіз Қырғызстанға өтіп, әрі қарай Өзбекстанға асып, ал сол жерде чартерлық рейспен Солтүстік Кипрге ұшып кетуі мүмкін, өйткені Қазақстанның ол елмен экстрадициялау туралы келісім жасалмаған.
«Мүмкін, қазір Күдебаев Бауыржан Байбекпен бірге виллада шай ішіп отырған шығар, оның да сол жақта тұруы мүмкін. Астанада ендігі бұл мәселе бойынша дүрбелең басталып та кетті, өйткені Күдебаевтың қашып кетуіне біреу жауап беруі керек қой», - делінген хабарламада.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Бас прокуратура қаңтар оқиғасы кезінде күштік құрылым басшылығының әлсіздігіне байланысты қызметкерлерінің арасында тәртіп бұзылғанын хабарлаған болатын. Бақылау органындағылар мысал ретінде Талдықорғандағы тәртіпсіздіктер аясында Күдебаевтың полиция ғимаратын тастап шыққанын келтірді. Күдебаевтың соты 5 қаңтарда басталды. Айыптаушы тарап оны тоғыз жылға бас бостандығынан айыруды сұрайды. 10 наурызда Күдебаевтың ісі бойынша сот шешімін шығаруға аз уақыт қалғанда, оның ауруханаға жатқызылғаны белгілі болды, сол себепті сот отырысы кейінге қалдырылған еді. 27 наурызда Күдебаевтың соты төртінші рет кейінге қалдырылды деп хабарланды.
30 наурызда Алматы және Жетісу облыстары полиция департаменттерінің (ПД) бұрынғы бастығы Серік Күдебаевты сотқа мәжбүрлеп әкелетіні туралы хабарланған еді.