×

БҚО-да бітпейтін даулардың кесірінен жол салынбай жатыр

"Мұны жеке кәсіпке, мердігерге көрсетілген қысым деп санаймыз"

БҚО-да бітпейтін даулардың кесірінен жол салынбай жатыр
Qaz365.kz

БҚО-да жол құрылысы материалдарына жасалатын зертханалық сараптамаға қатысты дау шықты. Бір зертхана қиыршық тасты жол құрылысына пайдалануға жарамсыз деп қорытынды берсе, екіншісі қиыршық тасты сапаға сәйкес деп таныған, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі.

Зертхананың теріс қорытындысы қайдан шықты?

Бұл дауды алғаш  «Атамекен» Кәсіпкерлер палатасы БҚО филиалының директоры Нұржан Мақсотовтың Facebook-тегі жазбасынан білдік. 

Кәсіпкерлер палатасы директорының айтуынша, оған қиыршық тас үлгілерін зертханалық сынаманың теріс қорытындысына байланысты туған мәселеге шағыммен «ДСК Приоритет» ЖШС басшысы жүгінген. Аталған компания зертхана берген теріс қорытындыға байланысты «Подстепное – Федоровка – РФ шекарасы» республикалық маңызы бар автомобиль жолының учаскесін қайта жаңарту бойынша дайындық жұмыстарын бастай алмай жүргенін мәлімдейді.

Жолға тапсырыс беруші – «ҚазАвтоЖол» Ұлттық компаниясының» БҚО филиалы. «ҚазАвтоЖол» БҚОФ материалдардың сапасына жоспарлы және жоспардан тыс тексерулер жүргізу үшін «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» ШЖҚ РМК БҚО бойынша филиалымен шарт жасаған. Ол шарт бойынша Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» ШЖҚ РМК БҚО филиалы мамандары ««ҚазАвтоЖол» тапсырыс берген жол учаскелеріне тексерулер жүргізеді.

- Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» мамандары «ДСК Приоритет» компаниясының алдағы жол маусымына дайындап қойған жол-құрылыс материалын, атап айтқанда, қиыршық тас үлгілерін алып, сынақтан өткізеді. Олардың зертханалық зерттеулердің нәтижелері мамандары «ДСК Приоритет» ЖШС-ның аттестатталған зертханасының нәтижелеріне сәйкес келмейтін теріс қорытынды береді.

Тапсырыс берушінің бастамасы бойынша барлық мүдделі тұлғалардың қатысуымен «Жол активтері сапасының ұлттық орталығының»  сынақ зертханасының базасында іріктелген қиыршық тас сынамаларына қайта сынақ жүргізіледі. Сынақ барысын қадағалаған мамандар сынақтарды жүргізу алгоритмі мен әдістерінің бұзылуын анықтайды және бұл бұрын жүргізілген сынақтардың объективтілігіне күмән келтірді.

Осыған байланысты «ДСК Приоритет» компаниясы өзге тәуелсіз, аккредитталған зертхана мамандарын тарту үшін «Ұлттық сараптама және сертификаттау орталығы» Ақтөбе филиалы және «Қазақстан жол ғылыми-зерттеу институты» АҚ-ның зертханасына жүгінуге мәжбүр болады. Олар қиыршық тасқа қойылатын сапаны растап қорытынды береді.

Мәселені шешу үшін «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы прокуратура органдарына жүгінді. Нәтижесінде жолға тапсырыс беруші «Қазавтожол» ҰК» АҚ қиыршық тастың жол құрылысына пайдалануға жарамдылығы туралы шешім қабылдады және «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» филиалының негізсіз әрекеттерінің жолын кесті.

Бұған кәсіпкердің табанды әрекеттері ықпал етті. Ол жарты жолда тоқтамай, сауатты және жедел әрекет етті. Соның арқасында келісімшарт міндеттемелерін орындамау және оны мердігерді мемлекеттік сатып алуға жауапсыз (жосықсыз) қатысушылар тізіміне еніп кетуін болдырмады, - дейді «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы БҚО филиалының директоры Нұржан Мақсотов.

«Кәсіпкерге көрсетілген қысым деп санаймыз»

Мердігер компанияға хабарласып, жағдайға қатысты пікірлерін сұрадық. «ДСК Приоритет» ЖШС директорының орынбасары Жарас Ахметовтің айтуынша, құзырлы органдардың араласуымен тапсырыс беруші тәуелсіз зертханалардың қорытындысын қабылдағанмен мәселе толық шешіле қоймаған.

- Бізге «Қазавтожол» ҰК» АҚ БҚОФ директоры Қ.Мәмбетовтың атынан мердігер атқаратын жолды қалпына келтіру нысанына ҚР Инфрақұрылым және индустриялық даму министрлігінің Автомобиль жолдары комитетінің бастамасымен фракциялық қиыршық тасқа зертханалық сынама жүргізу үшін комиссия ұйымдастырылатыны жайлы хат келді. Осыған байланысты 4-6 сәуір аралығында құрамында «Қазавтожол» ҰК» АҚ және оның БҚО-дан өкілі, «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» ШЖҚ РМК және оның БҚО-дан өкілі, «ҚазЖолҒЗИ» АҚ, «Ұлттық сараптау және сертификаттау» АҚ мамандары бар комиссия келеді. Біз бұл комиссияның құрылуын негізсіз деп есептейміз. «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» қорытындысы қате деп танылса да олардың комиссия құрамында болуы қаншалықты заңды? Сондай-ақ мұны жеке кәсіпке, мердігерге көрсетілген қысым деп санаймыз. Себебі тәуелсіз екі зертхана аталған қиыршық тастың сараптамадан жарамды деп қорытынды берді және оны тапсырыс беруші «Қазавтожол» ҰК» АҚ қабылдады, –  дейді «ДСК Приоритет» ЖШС директорының орынбасары Жарас Ахметов.

Зертханалардың барлығы бір жерден аккредитация алған

 «ДСК Приоритет» ЖШС директорының орынбасары Жарас Ахметовтің айтуынша, «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» ШЖҚ РМК зертханасы қорытындысымен бұған дейін де келіспеушілік болған.

- Бұған дейін түрлі нысандардан сынамалар алуда өрескел заңсыздықдар жіберді. Бұл бойынша «Ұлттық аккредитация орталығына» хабарлама жолдадық, үш апта өтсе де жауап келмеді. Сондай-ақ күні кеше Орал қаласындағы Гагарин көшесінің Сырым Датов даңғылы қиылысы мен «Соңғы аялдама» аралығындағы жолды орташа жөндеу жұмыстары да «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» хаттамасы негізінде тоқтап тұр. Алайда бұл орталық алған 3 келі қиыршық тас-мастикалық асфальтбетон қоспасы олар көрсеткен сынаманы толық жасауға жеткіліксіз. Сонымен қатар олар көрсеткен сынама қорытындысындағы қоспа құрамындағы битум 2,9% деп көрсетілуі де ақылға сыйымсыз. Себебі мұндай құрамда болса, қиыршық тас-мастикалық асфальтбетон қоспасы пайда болмайды, басқа да көрсеткіштері сәйкеспес еді. Бұл сынама қорытындысымен де келіспей, тапсырыс берушіден аталған хаттаманы негізсіз деп тануын сұрадық, - дейді Жарас Ахметов.

БҚО-да жол сапасына зерттеу жасайтын аккредитациядан өткен 10 шақты зертхана бар. Барлығы да ҚР Сауда және интеграция министрлігі техникалық реттеу және метрология комитетінің «Ұлттық аккредитация орталығынан» аккредитациядан өткен. Бірақ барлық зертхананың қорытындысынан гөрі республикалық деп «Жол активтері сапасының ұлттық орталығы» басымдық берілетін сияқты.

Батыс Қазақстан облысы – жол сапасы жөнінен республика бойынша ең соңғы орындағы өңір. Мұндай даулар жол құрылысын одан әрі тұралататыны сөзсіз.

Нұрлыбек Рахман

 

 

 

 

 

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Бөлім жаңалықтары

Тағы оқыңыз
Бишімбаев өз-өзіне екі рет қол салмақ болғанын мәлімдеді
Бүгін, 18:20

Бишімбаев өз-өзіне екі рет қол салмақ болғанын мәлімдеді

Өзін-өзі өлтіре алмаған кезде Бишімбаев әрекеттері үшін жауап беруі керек екенін түсінгенін айтады
Соттағы сөзін Әлмира Нұрлыбекова кешірім сұраумен бастады
Судья Айжан Құлбаева Ғазымжановқа тиісті түрде әрекет етуге мәжбүр болатынын айтты

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →