Таяу Шығыстағы тұрақсыз геосаяси жағдай мен өңірдегі әуе кеңістігіне енгізілген шектеулерге байланысты FlyArystan әуекомпаниясы Ақтау – Дубай – Ақтау бағытындағы рейстерді уақытша тоқтатты. Әуе тасымалдаушысының баспасөз қызметі мәлімдегендей, бұл шешім ұшу қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында қабылданған, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Шектеулер 2026 жылғы 31 наурызды қоса алғанда күшінде болады. Осы уақытқа дейін аталған бағыт бойынша ұшақтар аптасына екі рет – сейсенбі және сенбі күндері қатынап келген болатын. Компания өкілдері өңірдегі жағдайды мұқият бақылап, авиациялық билік органдарымен тұрақты байланыста екенін жеткізді.
«Күші жойылған рейстердің жолаушыларына билет құны толық көлемде айыппұлсыз қайтарылады немесе сапарды кейінгі күндерге тегін қайта брондау мүмкіндігі ұсынылады», — деп мәлімдеді FlyArystan баспасөз қызметі.
Билеті бар жолаушылар ақшаны қайтару немесе брондау бойынша сұрақтармен әуекомпанияның байланыс орталығына (WhatsApp арқылы да қолжетімді), сондай-ақ ресми сайт пен мобильді қосымшадағы онлайн-чатқа жүгіне алады.