Перизат Қайраттың ісі бойынша тәркіленген қымбат автокөліктер Астана қалалық Полиция департаментінің теңгеріміне берілетін болды. Бұл туралы Астана қаласының мемлекеттік мүлік және жекешелендіру департаменті Informburo сауалына берген жауабында мәлімдеді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
7 сәуірде өткен сауда-саттық қорытындысы бойынша, бағалау құны 79,4 млн теңге болатын Mercedes-Benz S450 және 11,9 млн теңгелік Haval H6 GT жол талғамайтын көлігінің иесі анықталды. Ережеге сәйкес, бұл аукционға тек мемлекеттік мекемелер мен кәсіпорындар қатыса алды. Саудаға екі ведомство – Астана қалалық Полиция департаменті мен Бас прокуратура жанындағы материалдық-техникалық қамтамасыз ету басқармасы өтінім беріп, нәтижесінде жеңімпаз ретінде елордалық полицейлер танылды.
Бұған дейін, 2025 жылдың қарашасында тәркіленген 100PKO01 мемлекеттік нөмірлі Lexus LX 600 көлігі Қаржылық мониторинг агенттігіне берілген болатын. Алдағы 15 жұмыс күні ішінде жаңадан берілген Mercedes пен Haval көліктерін полиция балансына бекіту туралы соңғы шешім қабылданады.
Еске сала кетсек, қоғам белсендісі Перизат Қайрат 10 жылға, ал оның анасы Ғайни Алашбаева 7 жылға бас бостандығынан айырылған болатын. Сот үкімімен олардан 50 зардап шеккен тұлғаның пайдасына 1 млрд 582 млн теңге материалдық шығын өндіру міндеттелді. Сонымен қатар, Перизат Қайрат қайырымдылық жолындағы еңбегі үшін берілген «Шапағат» медалінен айырылды.