Ауыл әкімі «тұрғындарға бір жыл бұрын ескерттік» деп сендірді
Алматы облысында 600 адам далада қалуы мүмкін. Көкөзек ауылына қысымы жоғары газ құбыры түсетіндіктен, 137 үй сүрілмек, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі Almaty.tv-ға сілтеме жасап.
Шатырын құрап, шаңырағына орналасып алған жұрт қуанышының ұзаққа бармағанын айтады. «Қоныс тойын енді жасаймыз» деген олар көршілерімен танысып та үлгермепті. Жаңадан көшіп келгендер бұл жер телімінің қызыл сызыққа енгенін жақында білген. Ал заң бойынша ондай аумаққа құрылыс нысаны түспеуі керек.
«Алматы-Байсерке-Талғар газ магистральінің екінші тармағы өтетіндіктен бүкіл үйді сүрмекші. Бұл жерде мүгедек отбасы, жалғызбасты аналар, көпбалалы аналар бар. Енді 137 үйде 600-ден аса тұрғын бар, біз қайда барамыз?» – деді Көкөзек ауылының тұрғыны Жанар Сейітқожаева.
Ал бұл отбасы қазір пәтер жалдап тұрады. Қар еріп, күн жылынса, «үйдің құрылысын бастаймын» деп қазық қағып кетіпті. Құрылыс материалдарын сатып әкеліп, тасын да түсіріп қойған.
«Желтоқсан айында 6 соттық жерді 1,5 миллион теңгеге сатып алғанбыз. Көктемде құрылыс жұмысын бастаймын деп ойлағам», – деді Көкөзек ауылының тұрғыны Мейрамхан Бекшетаева.
Ал ауыл әкімі «тұрғындарға бір жыл бұрын ескерттік» деп сендірді. Оның айтуынша, жоғары қысымды газ құбыры түсетіндіктен, маңайында үй болмауы керек.
«Қарасай ауданы жер қатынастар бөлімімен тендер берілді. Бағалаушылар осы маңайдағы тұрғын үйдің құнын анықтайды. Соған сәйкес шығын өтеледі. Ал келіспесе, сот арқылы жүзеге асырылады. Келісіп жатқан отбасы бар, олардың санын қазір нақты айта алмаймын. Жұмыс жүріп жатыр», – деді Елтай ауылдық окургінің әкімі Біржан Махатов.
Көпшіліктің айтуынша, қызыл сызыққа үйлерден бөлек, мектеп пен дәрі-дәрмек шығаратын зауыт та түсіп тұр. Бірақ әкімдік өкілдері мектептің қауіпті аймақтан алыс жатқандығын айтып отыр. Дәрі шығаратын зауыттың да тек қосалқы ғимараты сүрілмек. Ал алаңдаулы ауыл адамдарының тағдыры тендерге қарап тұр.