Бұл бағдарламаға 14 жастан бастап мектеп оқушылары, студенттер және 35 жасқа дейінгі жұмыссыз жастар қатыса алады
Астана қаласында Кәсіптік-техникалық колледжде «Жасыл ел» жобасының ашылу салтанаты өтті, деп хабарлайды Azattyq Rýhy елорда әкімдігінің ресми сайтына сілтеме жасап.
2005 жылдан бастап «Жасыл ел» жастар еңбек жасақтары бағдарламасы республиканың барлық өңірінде және Астана қаласы бойынша жүзеге асырыла бастады.
«Бұл бағдарламаға 14 жастан бастап мектеп оқушылары, студенттер және 35 жасқа дейінгі жұмыссыз жастар қатыса алады. Қатысушыларға 65 мың теңге көлемінде сыйақы төленеді. Жастар қаламыздың саябақтарында, құрылыс нысандарында, «Жасыл белдеуде» еңбек етеді», – деді Астана қаласының Жастар саясаты мәселелері басқармасының бөлім басшысы Атымтай Бағдат.
Астана қаласы «Жасыл ел» штабы республика бойынша еңбек ету және сарбаздарды жұмыспен қамту жағынан оң нәтиже көрсетуде. Жыл сайын «Жасыл ел» сарбаздары қатарында жұмыс істеуге қызығушылық танытқан жастардың саны артып келеді. Олар қаламыздың құрылыс нысанында әртүрлі санаттағы шеберлердің (құрылыс инженерлері, технологтар, монтаж-құрылыс жұмыстарының шеберлері) көмекшісі қызметін, қала маңындағы «Жасыл белдеуде» ағаш отырғызу, талдар мен көшеттерді қопсыту және суару, ағаштар мен көшеттерге күтім жасау жұмысы арқылы табиғат пен қала келбеті үндестік тапқан бірегей экожүйенің қалыптасуына және қала саябақтарының жасыл желегінің күтімімен айналысып, тазалық жұмысын жүргізетін болады.
«Бүгінгі ашылу салтанатымен қатар, Кәсіптік-техникалық колледжінің аймағында ағаш отырғызу шарасы да өткізіліп отыр», – деді «Жасыл ел» жобасының жетекшісі Абдурашид Асылбек.
Биыл аталған жоба аясында 4200 жасөспірім мен жастарды қамту көзделген, олардың қатарында көпбалалы, әлеуметтік аз қамтылған отбасылардан шыққан балалар да бар.
Жобаға қатысатын жастардың барлығы арнайы экипировкамен қамтамасыз етіледі.
Жазғы еңбек маусымында жастарды жұмыспен қамтуға «Базис-А» құрылыс компаниясы, «Астана көгалдандыру құрылысы» АҚ, «Астана орманы» ЖШС, 100-ден астам білім беру мекемелері, 20-ға жуық колледж және 10-нан астам жоғару оқу орындары серіктес болуға келісім беріп отыр.
Жобаға қатысуға өтінім қабылдау 20 мамырға дейін жүргізіледі.
Мектеп оқушылары өз мектебіне жүгінуі тиіс.
Қосымша ақпарат бойынша: 8707 970 8741; 8701 830 6530 немесе @elorda_jastary Instagram парақшасы.