Айтуынша, кейбір тілшілер елде атқарылып жатқан сәл-пәл іс-әрекетке жарықшақ пікір айтады
Депутат Ермұрат Бәпи журналист Серік Жолдасбайдың сұрақтарына берген жауабында тілшілердің кейбірі «қоғамға іріткі салып, жарып айтып, елде атқарылып жатқан сәл-пәл іс-әрекетке жарықшақ пікір айтады» деп айыптады, деп хабарлайды Qaz365.kz.
«Меніңше, Назарбев құрған жүйені, 30 жыл бойы сірескен мұзды бірден быт-шытын шығарып тастау мүмкін емес. Сондықтан, бұл жерде президент Тоқаевтың әрекеті – меніңше, бастамасы. Біртіндеп-біртіндеп жүзеге асып, Назарбаев кланының иемденіп алған байлығын қайтару процесінің жалғасы деп ойлаймын», - дейді Ермұрат Бапи.
Журналист депутаттан «осындай сөздер жиі айтылды, сайлаудан кейін кірісеміз дегенімен, бұл да қоғамды алдаусыратудың амалы емес пе?» деп сұраған.
«Менің ойымша, оның (Тоқаевтың) толық командасы жоқ. Саботаж жасап жатыр деген өз алдына бір әңгіме бар. Сондықтан, менің жүзеге асар деген әлі де үмітім бар. Ал сіздердің керісінше осындай қоғамға бір іріткі салып, қоғамды жарып айтып, елде атқарылып жатқан сәл-пәл іс-әрекетке осындай жарықшақ пікір айтатындарыңыз маған ұнамайды», - дейді депутат.
Ермұрат Бапиге журналист «Дат» газетінде де талай мақала жарияланғанын еске салған. Алайда депутат кейінгі екі жылда елде қалыптасқан «Жаңа Қазақстан саясатын, жылымық саясатын» қолдағанын атап өтеді.