Прокурордың күзетпен ұстау жөніндегі өтінішіне қарамастан босатқан
Әлеуметтік желіде Күлтегін Аспанұлы деген лақап атпен тіркелген журналист Асан Анарбайұлы осылай деп дабыл қағуда, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Журналистің айтуынша, Түркістан облысының прокуратурасының екі баланы атқан Талғат Кенжебековті күзетпен ұстау жөніндегі өтінішіне қарамастан, Түркістан қаласы мамандандырылған соты оны кепіл түрінде сот залында босатқан.
«Бұрын полиция қызметінен теріс мінезбен баппен қуылған 9 мамырда қылмыс жасап, артынша үш күн бойы қашып жүрген, 12 мамырда ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалған және ҚК 24-бабының 3-бөлігі мен 99-бабының 2-бөлігі (бұзақылық ниетпен екі немесе одан да көп адамды өлтіруге оқталған) бойынша айып тағылған адамды 15 мамыр күні қалайша сот залында босатып жіберуге болады?» - дейді Асан Анарбайұлы.
Түркістан облысы прокурорының орынбасары Ермұрат Шалатайұлы жәбірленушінің сұрауына берген жауап хатында былай деп хабарлапты.
«Облыс прокуратурасы соттың қаулысымен келіспей, күдіктіге қатысты қолданған «кепіл» түріндегі бұлтартпау шарасының күшін жою және оған қатысты «күзетпен ұстау» түріндегі бұлтартпау шарасын қолдану туралы Түркістан облыстық сотының қылмыстық істер жөніндегі апелляциялық сот алқасына 18.05.2023 ж. жекеше өтінішхат келтірді», - деген прокурор.
Журналист прокуратураның келіспейтінін сот қаулысы шыққан күні емес, үш күннен кейін (жәбірленуші сұраухат жолдаған күні), яғни 18 мамырда, білдіргенін түсіне алмай дал болуда.
«Демек, прокуратура бірден қарсылық танытпаған, жәбірленушінің талабынан кейін ғана қозғалған. ҚР Бас прокуратурасы қоғам қанды қылмыстың лайық тергеліп, мемлекеттік атынан әділ де объективті айыпталуы керек істе жергілікті прокуратураның сергек болуын қадағалауды талап етеді. Тергеу ақталғанша уақытша ұстау изоляторында отыруы тиіс адамды депутат, полицей ағалары болғаны үшін босатып жіберу «ЖАҢА ҚАЗАҚСТАННЫҢ» ертегі екенін көрсетеді», - деп ашынған Асан Анарбайұлы бұл істі ҚР Конституциялық Сотының назарға алуын сұрайды.