×

«Жобаға директор жауапты»: Райымқұлова Мұхамедиұлының сотында не деді

Райымқұлованың сөзіне қарағанда, Мұхамедиұлы Ұлттық музейге директор болғандықтан, сол мекеменің іс-шарасына да жауапты

«Жобаға директор жауапты»: Райымқұлова Мұхамедиұлының сотында не деді
Коллаж: turkystan.kz

Экс-министрлер Арыстанбек Мұхамедиұлы мен Ақтоты Райымқұлова бүгін сотта кездесті, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі.

Бірі сотталушы, екіншісі куәгер. Куәгер болған Райымқұлова өзінің бұрынғы бастығының ісі бойынша адвокаттардың сауалдарына жауап берді. Адвокаттар Райымқұлованың жауабына қанағаттанбай, кей кезде сот процесі дау-дамайға ұласып жатты.

«Арыстанбек Мұхамедиұлы мені шақырып алып, бір кезде осы жоба бойынша сәйкессіздік барын айтқан. Мен ол жобаның қалай іске асып жатқанын білмейтінімді айттым. Мұхамедиұлына осы сұрақтар бойынша кірген кезде көмекшілеріне «мені де шақырыңдар» деп өтіндім. Шақырмайтын. Сондықтан маған белгісіз мәселелер бойынша кінә таға бастаған кезде ол мені «жақсы, жүре бер» деп қоя беретін. Сенсіз шешеміз деп, өзі айналысатын», – дейді Ақтоты Райымқұлова.

Райымқұлованың сөзіне қарағанда, Мұхамедиұлы Ұлттық музейге директор болғандықтан, сол мекеменің іс-шарасына да жауапты. Сот процесі барысында адвокат Айгерім Әнуарбек куәгер Ақтоты Райымқұлованың жауабына мүлде қанағаттанбайтынын, бір сауалды бірнеше рет қайталауға мәжбүр екенін айтып сотқа шағымданды. Алайда сот адвокаттың өзіне ескерту жасады. 

«Бұған дейін айттым. Мен бюллетеннен жұмысқа шыққан соң вице-министр Дәуешов (Нұрғиса) маған бәрін баян етті. Көрме экземплярлары елге қайтқанын айтты. Мен осы жайттың мән-жайын анықтауды тапсырдым. Ол баяндама жасап, мемлекеттік көрмелік құндылықтардың бәрі де елге қайтарылғанын жеткізді. Мен Дәуешовке ауызша сөгіс жарияладым. Елде 15 наурыздан бастап локдаун енгізілді. Іс-шаралардың бәрі де адам жанын аман алып қалуға бағытталды. Сол себепті ол кезде ешқандай шешім қабылданған жоқ»,  – деді ол.

Адвокат Әнуарбек Райымқұловадан «Дәуешовтің көрме өткізуге рұқсат бере алатындай құзыреті болды ма?» деп сұрады. 

«Әлбетте жоқ. Өйткені бұл – жоспардың өзгеруі. Жоспар ғана емес, Ұлттық музей жұмысының қаржыландыруының өзгеруі. Кез келген ведомстволық мекемеде қаржыландыру өзгерісі белгілі бір комиссия арқылы өтеді. Тек комиссия мақұлдаса ғана, жоспар өзгереді. Бұл жағдайда Ұлттық музейдің жоспары», – деді куәгер экс-министр.

Райымқұлова «өкінішке қарай Ұлттық музей тарапынан мұндай ұсыныс болмағанын, комиссия ұйымдастырылмағанын» айтты. Ал комиссия ұсыныс түспей жұмысын бастай алмайды деп түсіндірді ол.

«Қаражат басқа мемлекеттерге бөлінген. 2020 жылы көрме өткізуге қаражат басқа мемлекеттерге жоспарланған. Көрме жоспарда болмаған елде өткізілді. Содан барып әрине, жоспардың орындалуына жауапкершілік атқарушыларда», – деді Райымқұлова.

«Мұхамедиұлының бюджет қаражатын жымқырғаны жөнінде сізде дәлел бар ма?» деген сұраққа Ақтоты Райымқұлова бұл сұрақтың өзіне қойылуы «дұрыс емес» екенін атап өтті. «Менде ондай мәлімет жоқ» деген ол істің мән-жайын анықтау басқа инстанциялардың міндеті екенін, бірақ қандай да бір жоспарлар мен іс-шаралардың жүзеге асырылуына заңды тұлға басшылығы жауапты екенін, қалғанын сот шешетінін мәлімдеді. 

«Мемлекет басшысының өкімімен заңды тұлғада (бұл жерде Ұлттық музей айтылып отыр) директор тағайындады. Директор ұйымның сәтсіз болса да, сәтті болса да, қаржыландырса да, қаржыландырмаса да – жобасына жауапты. Ұлттық музей директоры қалай болса да жауапкершілікке ие. Ал «оның қылмысына дәлеліңіз бар ма?» деген мәселені сот шешеді», – деді Ақтоты Райымқұлова. 

Ақтоты Райымқұлова «Алтын адам» көрмесінің Үндістанда өткізілуін «ведомствоаралық комиссия шетелге шығуға тыйым салынған кездегі мемлекет қаржысының жоспардан тыс шығындалуы» деп мәлімдеді.

Ал адвокат Әнуарбек өзіне сот барысында қысым жасалып жатқанын, прокурор мен жәбірленуші тарап іске негізсіз араласатынын айтып шағымданды. Судьяның өзіне де «сот тәртібін қамтамасыз ете алмадыңыз» деп те тура сөйледі. Өзінің Конституцияда тұрған қақы бұзылып жатқанын айтты. 

Айта кетсек, Ұлттық музей директоры болған Арыстанбек Мұхамедиұлы былтыр қамауға алынды қамауға алынды. Оған «Алтын адамның әлем мұражайлары бойынша шеруі» халықаралық көрмесін өткізуге, сондай-ақ «Қазақстанның ұлттық киелі нысандары мен музей қорларын жалпымемлекеттік фотограмметриялық 3D-сканерлеу» және «Қазақстан Республикасының Ұлттық цифрлық киноколлекциясын цифрландыру» жобаларына бөлінген бюджет қаражатын ұрлады деген айып тағылған. Арыстанбек Мұхамедиұлымен бірге іс бойынша төрт адам: Ұлттық музейдің экс-директоры Алмас Нұразхан, “Экспонат” ЖШС директорының орынбасары Азамат Көшенов, “Экспонат” ЖШС бас бухгалтері Айым Сәдуақасова айыпталушы ретінде танылған.

Келесі сот отырысы 23 мамырда өтеді.

 

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Бөлім жаңалықтары

Тағы оқыңыз
2025 жылы жеке кәсіпкерлер декларацияны қалай тапсырады
Кеше, 18:45

2025 жылы жеке кәсіпкерлер декларацияны қалай тапсырады

20 мың АЕК-тен астам мүлік сатып алғандар декларация тапсыруды жалғастырады.  
«Shine Muscat» жүзімі түрінен карантиндік зиянкестер табылмаған
Оларға қазіргі мөлшердің 6,5%- ы қосылады
7 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →