Бүгін Парламенттің төменгі палатасы бірқатар заң жобаларын жұмысқа қабылдады
Бүгін Парламенттің төменгі палатасы бірқатар заң жобаларын жұмысқа қабылдады. Соның ішінде «Заңсыз сатып алынған активтерді мемлекетке қайтару туралы» бар. Бірақ депутат Ермұрат Бәпидің айтуынша, заң жобасының қойып отырған тақырыбы ауқымды емес, деп хабарлайды Qaz365.kz.
«Мемлекет, ел алдында тұрған активтерді қайтару жөніндегі проблемаларды қамтитындай көлемде емес деп ойлаймын. Бұл заң көмегімен қазір біздің тергеу, заң органдары шетелге, Еуропа, батыс елдеріне, оффшор компанияларға, халықаралық трансұлттық компанияларға, банктерге шығу керек. Ал заң тақырыбы – заңсыз сатылып алынған активтер», - дейді Ермұрат Бапи.
Ол Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың 26 қарашада үкіметке берген тапсырмасында «заңсыз шығарылған активтерді мемлекет қайтару» туралы айтылғанын еске салып өтті.
«Ал бұл жерде заңсыз сатылып алынған активтер деп тұр. Олар ендігі бәрін заңдастырып үлгерді. Меніңше, талқылау барысында заңның аталу тақырыбын ауқымды қылу керек. Бірден айтайын, Тоқаевтың тапсырмасын орындауда, заң жобасын даярлауда тағы да мүдделі топтардың саботажы болды деп ойлаймын. Егер заңға осындай амалмен келер болсақ, президент саясатын «провал» жасаймыз», - дейді депутат.
Әділет вице-министрі Алма Мұқанованың айтуынша, болашақ заңның күшіне жеке және заңды тұлғалардың шектеулі тобы енетін болады. Бұл ретте негізсіз байлыққа ие азаматтарды жеке тұлғаларға жатқызу ұсынылады, оларға қатысты бірқатар параметрлер бойынша мәліметтер бар көрінеді.
Атап айтқанда, жауапты мемлекеттік лауазымға орналасу немесе жауапты мемлекеттік лауазымды атқаратын адамдарға, мемлекеттік ұйымда немесе квазимемлекеттік сектор субъектісінде басқару функцияларын орындайтын адамдарға қатысты (оның ішінде бұрын) әкімшілік-билік ресурстарының болуы;
Екіншісі, әкімшілік-билік ресурстарының нәтижесінде активтерді алу немесе кәсіпкерліктің қолайлы бәсекелестікке жатпайтын заңнамалық жағдайларын қалыптастыруға ықпал ету;
Үшіншісі, экономикалық ресурстардың нақты шоғырлануы.
«Заңсыз активтерді іздеу және қайтару Қазақстанда да, шетелде де қолға алынады. Бұл ретте қылмыстық-құқықтық, әкімшілік-құқықтық және азаматтық-құқықтық салалардағы халықаралық-құқықтық ынтымақтастық тетіктерін регламенттеу жолымен шетелде активтерді қайтару жөніндегі жұмысты жүргізу мақсатында қажетті құралдарды қамтамасыз етiлмек», - деді Алма Мұқанова.
Сонымен қатар, мемлекетке қайтарылған активтерді жинақтау және басқару үшін арнайы мемлекеттік қор мен басқарушы компания құрылады. Бұл қайтарылған активтерді қазақстандықтардың әл-ауқатын арттыруға бағытталған әлеуметтік-экономикалық жобаларды қаржыландыруға бағыттауға және бұл процесте ашық әрі тиімді жұмыс істеуге мүмкіндік береді. Осылайша, мемлекеттік органдар мен ұйымдардың активтерді қайтару саласындағы жұмысының нақты және ашық механизмі құрылады.
Бұған дейін, Қазақстаннан заңсыз шығарылған 100 миллион доллардың активтері шетелде бұғатталғаны хабарланған болатын.