Ол авиакомпанияларда лайықты сервис ұсынылмайды деп айыптады
Бүгін Үкімет отырысында премьер-министр Әлихан Смайылов авиакомпанияларда жолаушылармен тікелей диалог орнату мәдениеті төмен екенін айтты, деп хабарлайды Qaz365.kz.
«Отандық авиакомпанияларға қатысты жолаушылар тарапынан орынды сын-ескертулер айтылып жатыр. Мәселен, рейстердің кешігуі немесе мүлдем орындалмай қалуына байланысты шағымдар көп. Айталық, осы жылдың қаңтар-ақпан айларында «Fly Arystan» компаниясы Қостанай әуежайынан Астана мен Алматыға ұшуы тиіс рейстердің жартысына жуығын орындаған жоқ. Сондай-ақ, 25 ақпанда дәл осы авиакомпанияның жолаушылары «Астана-Шымкент» рейсінің 10 сағатқа кешігуіне байланысты жанжал шығарды. Ақыр аяғында, ол рейс мүлдем орындалмай қалды», - дейді Әлихан Смайылов.
Ол авиакомпанияларда лайықты сервис ұсынылмайды деп айыптады. Осыдан барып баға саясатында да көптеген сұрақтар туындайды деп отыр.
«Әуекомпаниялардың жолаушылармен тікелей диалог орнату мәдениеті төмен. Мысалы, Астанадан Алматыға дейін лоукостермен 1,5 сағаттық ұшу Еуропа, АҚШ немесе Қытай елдеріндегі осындай маршруттармен салыстырғанда 2 есе қымбат болуы мүмкін. Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі қазіргі баға саясаты жолаушылардың мүддесіне емес, авиакомпаниялардың табысын арттыру үшін жұмыс істеп отыр деп санайды.Бүгінде жанармай шығындарын өтеуге жұмсалатын отын алымы логика бойынша авиаотын бағасының өзгеруіне байланысты болуы тиіс», - дейді премьер-министр.
Ол алайда ол билет бағасында өзгеріссіз, бір деңгейде қалып отырғанын жеткізді. Сондықтан баға саясатын қайта қарап, авиатасымал сервисі мен қызмет көрсету сапасын жақсарту үшін үнемі жұмыс істеу керек деп санайды.