×

«Жұмыста жоқ 9 адамға жалақы төлеп отырған»: Ақжүрек Таңатаров басқарған спорт мектебінде дау шықты

Мекеме қызметкерлері атақты спортшының қандай басшы болғанын айтты

«Жұмыста жоқ 9 адамға жалақы төлеп отырған»: Ақжүрек Таңатаров басқарған спорт мектебінде дау шықты
azattyq-ruhy.kz

Жамбыл облыстық сСпорт басқармасына қарасты мектепте шыққан дауға әлі толық нүкте қойылған жоқ. Тараз қаласындағы Олимпиадалық резервтің облыстық мамандандырылған мектеп-интернат колледжінде директор болған Ақжүрек Таңатаровтың орнынан алынуына қатысты дауға енді мекеме қызметкерлері де араласты, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі Azattyq Ruhy ақпараттық агенттігіне сілтеме жасап.

Өткен айда аталған мекемеден дау шықты. Даудың басы – еркін күрестен Олимпиада ойындары мен әлем чемпионатының қола жүлдегері, мектеп-интернат колледжінің бұрынғы директоры Ақжүрек Таңатаров.

«Мен Құрмет, Парасат ордендерінің иегерімін... Мені Олимпиадалық резервтің облыстық мамандандырылған мектеп-интернат колледжінің басшысы лауазымынан заңсыз жолмен босатып жіберді. Осы орайда Жамбыл облысы спорт басқармасы басшысы Арман Тәшметовтен жеке барып, себебін сұрағанымда, ол «Жамбыл облысының әкімі Нұржан Нұржігітовтің бұйрығы мен шешімі. Мен не істей аламын?» деген еді», – дейді қызметінен алынған Таңатаров.

Ал Жамбыл облыстық спорт басқармасының басшысы Арман Тәшметов арнайы өткізген брифингте Ақжүрек Таңатаровтың сөзін жоққа шығарды.

«Ақжүрек Таңатаров жалған сөйлеп, қоғамды әдейі дүрліктіріп отыр. Облыс басшысымен бұндай деңгейде әңгіме болған емес. Біз басқармаға қатысты мекемелерді тексеріп, біразынан қаржылық, шаруашылық, басқа да кемшіліктер тауып, жұмысты оңтайландыру үшін тиісті шаралар қолданып жатырмыз. Соның ішінде өрескел қателіктер жіберген Ақжүрек Таңатаров басқарып отырған мекеме де бар. Осы себепті біз онымен келісімшартты жалғастырудан бас тарттық. Таңатаровтың келісім мерзімі онсыз да аяқталған еді...», - деді спорт басқармасының басшысы. 

Ақжүректің шуы басталғанда, сол мектептің түлектері мен мұғалімдері «мектебімізден жылан шыққан, интернатта бүргеге таландық...» деген ақпараттар да таратты.

«Менің бұл мектеп-интернатқа директор болып тағайындалғаныма 1 ай болған. Мен келгенде бас есепшінің орны бос тұрған. Мектеп-интернатқа бас есепшінің тағайындалғанына да небәрі он шақты күн болды. Әзірше құжаттармен танысып, мүлікті санап, қабылдап алу сияқты түгендеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Мектептің материалдық-техникалық базасы ескірген. Барлық спорттық құрал-жабдықтардың пайдалану мерзімі өткен. Алдағы уақытта қаржы бөлініп жатса, біз оларды жаңартатын боламыз», - деді спорт мектебінің жаңадан тағайындалған директоры Марат Әшімов.

Әшімовтың сөзінше, мекемеде қызметтік лауазымына сәйкес келмейтін жұмыс атқарған қызметкерлер де болған.

Ақжүрек Таңатаров бұл мектеп-интернатқа 2021 жылы сәуір айында басшы болып тағайындалған. Ұжым қызметкерлерінің айтуынша, мекемеде кері кету осы кезден басталған. Бюджет қаржысы тиісті мақсатта жұмсалмаған, жас спортшылардың жарыстарға шығуы, нәтижелік көрсеткіштері күрт төмендеген, балалардың тамағына бөлінуі тиіс ақша іссапарларға төленген, азық-түлік сатып алынбаған.

 

Жеткізуші фирмалармен дер кезінде келісімшарт жасалмағандықтан, оқушылар бір айдан астам уақыт ыстық тамақсыз қалған. Мектеп қызметкері Нүсіпқұлованың айтуынша, асханаға соңғы рет 2021 жылы, бұрынғы директор Сапашевтің кезінде жаңа ыдыс сатып алынған. Ол ыдыстар сынып азайған, қалған-құтқаны жарылған, шытынаған, кертілген кемтік ыдыстар. Бір мезетте 100 балаға тамақ бергенде аспаздар ыдыс-аяқ жетіспеушілігінен қиналады.

«7 наурыздан бері қарай «продукты» болмай, балаларға менюсіз тамақ бердік. Демеушілік тамақ қандай болатынын білесіз, тамақ нашар болды. Кезекпен тағы 100 баланы тамақтандыру керек, екі аралықта ыдыстарды жуып үлгермейміз, ыдыс жуушы екеу-ақ, бірі ауырып қалса немесе демалысқа кетсе, жалғыз ыдыс жуушы ештеңеге үлгермейді», - деді диеталық медике Гүлсара Нүсіпқұлова.

Экс-директор Ақжүрек Таңатаров «мектеп-интернатқа жоғары жақ қаржы бөлмеді» деген еді. Алайда мекеменің бас бухгалтері Жеңіскүл Оразымбетова бұл мәлімдемені жоққа шығарды. Мектеп-интернаттың жылдағы бюджеті сұранымға сәйкес бекітілген және жыл сайын артып отырған. Мәселен, 2020 жылы – 324,4 млн бөлінсе, 2021 жылы – 394,8 млн, ал былтыр – 459,7 млн теңге жұмсалыпты. Биылғы жылдың қаржысы 600 млн теңгеге жуық.

Ал жатақхананың жарылысқа түскендей болған жағдайын сөзбен жеткізу мүмкін емес. Спорт колледжіндегі ұшқан шатыр, қираған жиһаз, жыртылған төсек-орындар, сынған терезелер, жанбай тұрған шамдар, құлағалы тұрған төбелер мен қабырғалар, жуыну бөлмелеріндегі су ақпай тұрған крандарды көргенде, көңілің құлазиды.

Жөндеу жұмыстары мен оқушының тамағына қаржы таппаған басшылық, негізсіз іссапарға ақша жұмсап, жұмысқа бір күн де келмеген 9 адамға (өлі жанға) жалақы төлеп отырған. Кадр бөлімінің басшысы Айтолқын Молдатаева мекемеде «өлі жандардың» жұмыс істегенін растады.

«Мен бұл қызметке 2023 жылдың 1 наурызында орналастым. Жаңадан келген кезде «өлі жандар» туралы білген жоқпын, бір айдай адаптация болады. Жұмысқа жаңадан келгенде бір айдай уақыт құжаттармен, жеке анкеталарымен таныстым. Табельді директордың шаруашылық жөніндегі орынбасары жазып отырды, мен қол қойып отырдым. 9 адамның жұмыста жоғын, ешқашан болмағанын білген кезде ол кісіге айттым. Ол кісі маған зілді ескерту жасады, «оларды іздемеңіз, тексермеңіз» деді. Сосын көп ұзамай Таңатаров жұмыстан шығып кетті. Жаңа директор Марат Әшімов келгенде ол кісіге бірден айттым. Ол кісі бірден тиісті бұйрықтар шығарды», - деді кадр жөніндегі инспектор Айтолқын Молдатаева. 

Жамбыл облыстық спорт басқармасының бастығы Арман Тәшметов көптеген кемшіліктердің жіберілгенін мәлімдеді.

«2021 жылы интернат оқушылары мен тәрбиешілері спорт киімдерімен қамтамасыз етілмеген. Желтоқсан айында 141 азық-түлік өнімдерін сатып алу үшін бөлінген 3 млн 109 мың теңге спорттық тауарларға, оқу-жаттығу жиыны мен түрлі спорттық жарыстарға ауыстырылған. Алайда тамақтандыру мен коммуналдық қызметтерге қаржы толық бекітілмей, басқа іс-шараларға қойылған. Осы себептен тамақтануға қаржы жетпей қалған. Басқарманың рұқсатынсыз, қазан айында онлайн оқуға жіберу туралы бұйрық шығарған. Облыстық және қалалық прокуратура органдарының заң бұзушылықты жою туралы ұсынымымен бұйрықтың күші жойылған. 2021 жылдың жылдық есебі барысында басқармаға бұрмаланған қаржылық есеп тапсырылған. 2021-2022 және 2022-2023 оқу жылдары интернаттан 52 жас спортшы оқудан шығып кеткен. Олардың арасында 2 және 3 жыл мемлекет қаражатымен интернатта тәрбиеленген облыс және республика жүлдегері атанған оқушылар да болған», - деді ол.

Мәдениет және спорт министрлігі аталған даудан хабардар. Алайда спорт мектебі облыс әкімдігіне қарағандықтан, жағдайды өңірдің басшылары реттейді деген пікірде.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Бөлім жаңалықтары

Тағы оқыңыз
Шымкентте жаңа жылдық безендіруге қанша ақша жұмсалатыны белгілі болды
Бүгін, 15:58

Шымкентте жаңа жылдық безендіруге қанша ақша жұмсалатыны белгілі болды

қосымша іс-шара өткізер болсақ, демеушілердің көмегімен өткіземіз
Қазақстан адам саудасына қарсы күрес бойынша әлем елдерінің екінші санатына кіреді
Коллекциялық монеталар Қазақстан теңге сарайында дайындалған
Қылмыстық іске басшыдан бөлек мекеме қызметкерінің де қатысы бар

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →