Мемлекеттік комиссия Маңғыстау және Атырау облыстарына барды
ҚР Премьер-Министрі Әлихан Смайыловтың төрағалығымен өткен Мемлекеттік комиссия отырысында Маңғыстау атом энергетикалық комбинатында (МАЭК) және Атырау мұнай өңдеу зауытында (АМӨЗ) орын алған апаттардың себептерін тексеру жұмыстарының барысы қаралды, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі Үкіметтің баспасөз қызметіне сілтеме жасап хабарлайды.
Баспасөз қызметінің хабарлауынша, мемлекеттік комиссияның жұмыс тобы 6-9 шілде аралығында Маңғыстау және Атырау облыстарына барып, нәтижесінде 3 шілдеде болған оқиғалар тізбегі толығымен қалпына келтірілген.
Сонымен қатар Батыс өңірдің энергожүйесінің жай-күйіне жан-жақты талдау жасалып, АМӨЗ-ді электр қуатымен тұрақты қамтамасыз ету мәселесі бөлек қаралды.
Болған жағдай Батыс өңірінің энергожүйесіндегі теңгерімді болжау және жөндеу схемаларын жоспарлаудағы кемшіліктердің барын айғақтайды. ҚР Бірыңғай электр энергетикалық жүйесінің Батыс аймағының электр желісін күшейту жобасын іске асыру созылып кеткен.
Атырау және Маңғыстау облыстарындағы өңірлік стансаларда, бірінші кезекте МАЭК-те апат қаупі жоғары екендігі анықталып отыр. Станса жабдықтарының әбден тозығы жеткен.
Сонымен қатар «Karabatan Utility Solutions» ЖШС-нің жаңа бу-газ жылу стансасының жұмысына қатысты сұрақтар туындауда. Атырау мұнай өңдеу зауытының сыртқы электрмен жабдықтау схемасында айтарлықтай ақаулар бар.
Орын алған апаттар шеңберінде лауазымды тұлғалардың жауапкершілігін анықтау жұмыстары жалғасуда.
Бұл ретте алдағы уақытта осындай жағдайларды болдырмау үшін бірқатар жүйелі проблемаларды шешу жоспары әзірленді. Олар:
- МАЭК-ті жаңғырту мен күрделі жөндеуді,
- БЭЖ-дің Батыс аймағының электр желісін күшейтуді,
- АМӨЗ-де қуаттылығы жоғары жеке энергия көзін салуды,
- Батыс аймақты ҚР БЭЖ-бен байланыстыруды көздейді.
Премьер-Министр орын алған апаттардың мән-жайын толық анықтау бойынша белсенді жұмысты жалғастыруды және келешекте олардың алдын алу шараларын іске асыруды егжей-тегжейлі пысықтауды тапсырды.