"Елеусіз ғана “Семей орманы” резерваты қызметкерлерінің қатысуымен өткен"
Семейде қызмет бабында қаза тапқан орман шаруашылығы қызметкерлерін еске алуға арналған мемориалдық тақта ашылды, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Бүгін «Семей орманы» мемлекеттік орман шаруашылығы басқармасында орман шаруашылығы ардагері, Новошульбі филиалы Орталық орман шаруашылығының орман шебері Александр Решетиннің қатысуымен мемориалдық тақтаның салтанатты ашылуы өтті.
Жиналғандар ескерткішке гүл шоқтарын қойып, бір минут үнсіздікпен орман өртімен күрескен қаһармандарды еске алып, тағзым етті.
«Ормандарды сақтау мен қорғаудағы еңбекті, ауыр да қауіпті жмұысты келешек ұрпақ жадында қалдыру және бағалау үшін, өрт сөндірушілер мен орманшыларымыздың ерлігі ұмытылмауы үшін біз ерлік көрсеткен әріптестеріміздің есімдері жазылған мемориалдық тақта орнаттық. Жұмысшыларымыздың қазасы туралы жан түршігерлік хабарды бәріміз де терең қайғымен еске аламыз. Олар жадымызда мәңгі сақталады», – деді «Семей орманы» бас директоры Әсемгүл Нысамбекова.
Журналист Гүлбану Әнитқызының айтуынша, мемориалды тақтаның ашылу салтанатына облыс әкімі келмеген.
“Семейдегі өртте қаза болған 15 орманшыға мемориалды тақта қойылыпты.
Елеусіз ғана “Семей орманы” резерваты қызметкерлерінің қатысуымен өткен. Ресторан ашылса да шапқылайтын, лента кескіш әкімдер төбе де көрсетпепті. Осындаймыз”, – деп жазды ол.
Айта кету керек, Бородулиха ауданындағы ауқымды орман өрті кезінде қаза тапқан «Семей орманы» Новошульбі филиалының 15 қызметкері төтенше жағдайда көрсеткен ерлігі мен жанқиярлығы үшін қайтыс болғаннан кейін «Құрмет» орденімен марапатталды.