Министрдің орынбасары ресейлік компаниялар Қазақстанды жақсы білетіндігін атап өтті
"Әр компания бұл санкцияларды жеке қабылдайды. Сондықтан мұндай координатта жұмыс істеу өте күрделі. Әзірше біздің қолымыздан келіп отыр және бір де бір қазақстандық компания тікелей де, қайталама да санкцияға іліккен жоқ. Мұны жіті қадағалап отырмыз. Бізге Ресейден кетіп жатқан, нарығымыздың көлеміне байланысты Қазақстанға мүдделік танытпаған, бірақ, қазір басқа алаңдар іздеуге мәжбүр шетелдік үлкен компаниялар қызық. Мұндай компаниялармен өте белсенді жұмыс істеп жатырмыз. Наурыздан бері елшілеріміз олардың басты кеңсесімен келіссөз жүргізіп жатыр. Оларға жергілікті серіктестер, орналастыру үшін жедел алаңдар іздеудеміз", - деді ол.
Министрдің орынбасары ресейлік компаниялар Қазақстанды жақсы білетіндігін атап өтті.
"Сондықтан оларды орналастырумен белсенді түрде айналысып жатқанымыз жоқ. Бірақ, санкциялық компанияларды, санкцияға ілінген жеке тұлғаларды қадағалап отырмыз. Үш деңгейлі тексеру бар. Олар келгенде соны қолданамыз. Егер құрылтайшы не жеке тұлға санкцияға іліксе немесе ресейлік басты компания санкция құрсауында болса, онда ондай компанияладың елімізге кіруіне шектеу қоямыз. Өйткені, қаржылық операция жүргізу, банк қызметтерін көрсету мүмкін емес. Дегенмен, ресейлік компаниялардың келіп жатқанын көріп отырмыз. Оны өздеріңіз де сезген шығарсыздар. Жаңа заңды тұлғалардың тіркелуі еселеп артты. Негізінен олар - ІТ секторындағы және сауда саласындағы компаниялар. Яғни, шағын және орта бизнес көшіп жатыр және белсенді жұмыс істеуде", - деді Алмас Айдаров.