Аудан әкімінің сөзінше, бұған дейінгі басшылар шекаралық ауылдарға көңіл бөлмеген.
Жетісу облысы, Панфилов ауданы әкімі Марат Сағымбек шекаралық ауылдардағы мектептердегі жағдайы мүшкіл екенін айтты. Тіпті, кейбіріне 50 жылдан асқан, деп хабарлайды Qaz365.kz.
«Ғимараттардың жағдайы мүшкіл. Аудандағы 50 мектептің үшеуін мүлдем сүріп, тастап, жаңасын салу қажет. Мысалы, Сұптай ауылында балалар бұрынғы балабақшаның ғимаратында оқып жатыр. Қосымша сабақ өтетін сыныптар мүлдем жоқ.Тамақ ішетін асхана, спорт зал тіпті арман болып тұр.Сол секілді Садыр ауылындағы жағдай да мәз емес. Ауданға әкім болып келгеніме бір жыл төрт ай болды. Осы аралықта үш мектепті пайдалануға бердік. Бұл мақтануға тұратын көрсеткіш. Біреуі шекаралас аймақта орналасқан Басқыншы ауылындағы мектеп, екіншісі Қоңырөлең ауылдық округіне қатысты Бөрібай би ауылдағы мектеп. Сол ауылдағы білім ордасы Әлихан Бөкейханның атында. 1936 жылы салынған. Бір жылдың ішінде мектеп тұрғызылып, пайдалануға берілді. Үшіншісі Әбілхан Қастеев атамыздың кіндік қаны тамған Шежін ауылында салынды. Бұған дейінгісі 50-жылдары колхоздың тұсында пайдалануға берілген. Жағдайы мүлдем қиын болатын. Түгел сүріп тастап, жаңадан салдық», - дейді Марат Сағымбек.
Ол енді 45 мектептің 15-і күрделі жөндеуді қажет етеді. Әсіресе, Алмалы ауылы, Алтыүй ауылдарындағы мектептер жаңаруы керек деп санайды.
«Алтыүй ауылындағы Әбілхан Қастеев атындағы мектеп 1971 жылдан бері қолданыста. Аудан орталығы Жаркенттің өзінде 9 мектеп бар. Соның төртеуі күрделі жөндеуді қажет етеді. Жамбыл атындағы мектеп сыйымдылығы 1000 балаға арналған. Бірақ 2000 оқушы оқиды. Бұл Қазақстан бойынша үш тілде оқытады (қазақша, орысша, ұйғырша). Бауыржан Момышұлы атындағы мектептің де жағдайы да сондай», - дейді әкім.
Оның айтуынша, бұған дейін басшылар шекаралық ауылдарға көңіл бөлмеген. Сондықтан балалар ескі мектептерде оқи берген.
«Кеген ауданына қарасты Саты деген ауыл бар ғой. Сол ауылда 50 балаға арналған мектеп бар. Қазір гимназияға айналды. Сол білім ордасына барсам, өзім демаламын. Оқушылардың бәрі Мұқағали Мақатаевтың өлеңдерін жатқа біледі. Жылына 12-13 бала мектеп бітіреді. Соның барлығы білім грантына ие болады. Мектептің атмосферасынан бастап, балаға деген қарым-қатынасына дейін керемет», - дейді Марат Сағымбек.
Оның айтуынша, бір мектепті күрделі жөндеуден өткізуге 3 миллиард теңге жұмсалады. Бұл ақшаға жаңа мектепте салып алуға болады. Бірақ орталықта болу үшін осындай қадамға баруға мәжбүр.
Бір қызығы, аудандағы мектептерді мемлекеттік жекеменшік әріптестікке беру жағы қарастырылмаған.
«Алматыда білім саласында істейтін бір қыз мектептің құрылысын бастады. Келесі жылы оқу жылына дейін бітіреміз деп отыр. Жекеменшік мектеп ашу үшін жоғары жалақы мен мықты мамандар керек. Алматыда жоғары төленеді. Ал шалғай ауылдарға келу үшін үй беріп, барлық жағдайын жасау қажет. Жекеменшік мектеп саламыз деген азаматтар болса, жер беріп, көмектесеміз. Болашақта осыған ақырын-ақырын келеміз», - дейді аудан әкімі.