«Несие алу жеңіл, бірақ қайтару өте қиын»
Халық амалсыздан несие алуда. Бұл туралы бүгін Мәжіліс депутаты Бақытжан Базарбек айтты, деп хабарлайды Qaz365.kz.
«Онсыз да жұмыссыздық орнауда. Халық әрең күн көріп отыр, балаларын асырау керек, оқыту керек, денсаулық сақтау мәселесі бар, соның бәрін жеткізу үшін амалсыз несиеге басын тігеді. Ломбардтарға, микроқаржы ұйымдарына барады, тез несие ала салады. Оны алу жеңіл, бірақ қайтару өте қиын. Сондықтан қарызсыз қоғамды қалыптастыру үшін әрбір адамның табысын көтеру керек», – деді депутат.
Бүгін Парламент Мәжілісінің отырысында көпбалалы ана төрт несиені жаба алмай жатқандығын айтты. Ол шұғыл қажеттіліксіз несие алмауға шақырды. Бақытжан Базарбектің айтуынша, мәселені шешудің мұндай әдісі қолайлы, алайда негізгі шешім · халықтың табысын арттыру.
«Айлық табысы 100 мың теңгені құрайтын адам, әрине, несиеге басын сұғады. Ата-аналар 1 қыркүйекке бір баланы дайындаудың өзі үшін 200-250 мың теңгеге шығындалады. Ал екі-үш баласы барлардың бұл жағдайды қалай шешетінін мүлдем түсіне алмаймын», – деді Бақытжан Базарбек.
Еске салайық, бұған дейін Ішкі істер министрінің орынбасары халықты несиелендіру және қаржылық сауаттылықты арттыру мәселесін көтерген болатын. Ал Мәжіліс депутаты Берік Бейсенғалиев несиені кешіру азаматтарға кері әсерін тигізді деп есептейтінін айтты.