«Мамасының ұлдары» алдыма көп келеді»
Бокстан елордалық бапкер Мұхит Амантаев журналист Әйгерім Сефоллаға берген сұхбатында жаттықтыру залында балаларға әкелері бермеген мейірімді беретінін айтты, деп хабарлайды Qaz365.kz.
«Әкесіз, әкенің махаббатын сезбеген балалар көп келеді. Басында келгенде «мамсик» болып жүреді. Ана деген – махаббат қой, еркекке де, балаға да махаббат береді. Бүкіл қиыншылықтан қорғаймын деп жақсы нәрсе істеп жатырмын деп ойлайды, бірақ ондай нәрсемен керісінше, балаға зиян жасайды», – деді бапкер Мұхит Амантаев.
Оның айтуынша, ол балаларға жаттықтыру залынан өзге жерлерде де қолдау жасауға тырысады.
«Аналары келіп маған: «Мұхит ағай, балама қараңызшы. Әкесі көңіл аудармайды, әкесімен араласпайды», – дейді. Сондай балалар басында қысылып жүреді. Кейін бара-бара олар маған ашыла бастайды, соған қатты қуанамын. Денесін жерден түк көтере алмайтын бала, денесін көтеріп үйреніп, күшейіп жатады, содан бақыт аламын. Мен балаларыма айтамын: «Сендер мені құр бапкер деп ойламаңдар, сабақта болсын, далада болсын, қандай да жағдай болсын, маған келіңдерші, әкелеріңе айтпай-ақ қойыңдар, маған келсеңдер, кез келген мәселелеріңді шешуге тырысамын» деймін», – деді бапкер.
Еске салайық, әлеуметтік желілерде балаларға «қазақша сөйлеңдер» деген бір ауыз сөзінен кейін танымал болған бапкер Мұхит Амантаевқа жаңа қызмет ұсынылған еді.