Ауыл тұрғынынан сібір жарасы анықталған
Қарағанды облысында сібір жарасы анықталып, тұтас бір ауыл карантинге жабылды, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Топар кентінде жеке аулада қожайындары 8 айлық бұқаны союға мәжбүр болған. Мал иелерінің айтуынша, мал ауру күйде болған, етін сатуды жоспарламаған. Сол ауладағы үш адамнан сібір жарасы анықталды, тағы екі адам дәрігерлердің бақылауында. Сондай-ақ олармен байланыста болған 30 адам анықталып, олармен профилактикалық іс-шаралар туралы түсіндірме әңгіме жүргізіліп, медициналық бақылау орнатылды.
“Мәжбүрлеп сойылған малдың еті тәркіленіп, мөрленіп, ветеринариялық заңнамаға сәйкес жойылатын болады. Кентте індетті оқшаулау және жою үшін барлық қажетті санитарлық-ветеринарлық эпизоотияға және эпидемияға қарсы іс-шаралар жүргізілуде. Барлық тексерілген ошақтарда дезинфекция жүргізілді, ветеринария мамандары үйлерді аралап, малдарды клиникалық тексеру және термометрия өткізіп, егу жұмыстарын жүргізуде. Ауыл шаруашылығы министрлігі Ветеринариялық бақылау және қадағалау комитеті арқылы ветеринариялық препараттардың республикалық қорынан вакциналар мен дезинфекциялық құралдарға қажеттілік толық қамтамасыз етілді”, – дейді Қарағанды облысының әкімдігі.
Кентке Абай қаласынан кіре берісте көліктерді санитарлық өңдеуден өткізу үшін бекет орнатылды. Карантиндік шараларды сақтау үшін Жартас кентінен Топар кентіне екінші кіреберіс уақытша жабылды. Тұрғындардың қозғалысына шектеу қойылған жоқ. Сондай-ақ кенттен малды әкетуге және әкелуге, оны шаруашылықтар ішінде өткізуге, ауру малдың сүтін пайдалануға, мал союға және аумақтан жем мен жемшөп қоспаларын әкетуге тыйым салынған.
Әкімдіктің айтуынша, оқиға орнында санитарлық-эпидемиологиялық бақылау, денсаулық сақтау, ветеринариялық бақылау комитетінің аумақтық инспекциясы мен ветеринария басқармасының, республикалық эпизоотияға қарсы топтың бір топ қызметкерлері жұмыс істеуде.