«Burkit» экшн фильмі 2 қарашадан бастап барлық кинотеатрларда қазақ және орыс тілдерінде шығады
2 қарашадан бастап еліміздің барлық кинотеатрында мемлекет қауіпсіздігі мен ел тұрғындарының өміріне аса қатер төндіретін қылмыстарға қарсы жедел әрекет ететін «Бүркіт» арнайы жасағы туралы фильм прокатқа шықты. Кинокартина Мәдениет және ақпарат министрлігінің тапсырысымен Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығының қаржыландыруымен түсірілген, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Кеше Алматыда фильмнің ресми тұсаукесері өтті. Шараға әскери шенділер, танымал шоу-бизнес өкілдері, журналистер және басқа да қонақтар қатысты. Көрсетілімді Киноорталықтың басқарма төрағасы Құрманбек Жұмағали ашты.
«Біздің Орталық көрерменге ой салар сапалы және қызықты фильмдердің экранға шығуына мүдделі. Қазір мемлекеттік қолдауға ие болатын киножобаларды қаржыландыру механизмдерін жетілдіру, конкурсты барынша ашық және әділ өткізу, кинематографистерге түсінікті ережелер жасау бағытында жұмыстар жүргізіп жатырмыз. Бұның барлығы министріміз Аида Ғалымқызының жеке қадағалауында», – деп атап өтті Құрманбек Жұмағали.
Ұлттық киноны қолдау мемлекеттік орталығы басқарма төрағасының айтуынша, қазіргі көрермендердің сұраныс, талғамы жан-жақты. Сондықтан, көрерменге әртүрлі жанрдағы, осындай түрлі трюкқа толы экшн фильмдерді де ұсынған жөн. Фильмде «Бүркіт» арнайы жасағының сарбаздары «күрең берет» кию құқына ие болу үшін сынға түседі.
«Елімізде бүгінгі күнге 200-ге жуық "күрең берет" иегері бар екен. Күрең берет кию мәртебесіне арналған біліктілік сынағынан өту – жауынгерлік рухтың белгісі. Сондықтан, жаңа фильміміз жастарды Отанға деген адалдық пен риясыз махаббатқа тәрбиелейді деп сенеміз», – деді Құрманбек Жұмағали.
Фильмнің режиссері – Данияр Ибрагимов, ол үшін бұл картина дебюттік жұмыс. Бұған дейін Данияр «Қазбат» және «Алтыншы бекет» әскери фильмдерінде продюсер ретінде қызмет еткен. Сол себепті, тәжірибелі маман туындыны түсіру оған қиындық тудырмағанын айтты.
Фильмге Дәурен Серғазин, Санжар Мәди, Асылхан Төлепов, Гүлнәз Жоланова, Әсел Сағатова, Жандос Айбасов және Азамат Сатыбалды сынды еліміздің танымал актерлері түсті. Сонымен бірге танымал музыкант Ғалымжан Молданазар да антагонист кейіпкердің рөлін сомдап шықты. Басты рөлдегі актерлер түсірілім жұмыстарына кіріспес бұрын бірнеше апта бойы жауынгерлік оқу-жаттығуларына қатысып, тактикаларды үйренді.
«Фильмге түсу үшін біз арнайы нормативтерді тапсырдық. Шынайы сарзбаздардан еш айырмашылығымыз болмады. 30 келіден ауыр форманы киіп жүрдік. Бір эпизодтың түсірілімі кезінде арқамды оңбай жарақаттап алдым. Бір апта бойы ем алуыма тура келді. Өзім каскадер болғандықтан, барлық трюктерді өзім жасауға тырыстым», – дейді фильм актері Санжар Мәди.
Бұл киноның түсіріліміне арнайы жасақ, әскери техника және авиация, сондай-ақ екі жүзден астам белсенді әскери қызметші қатысқан. Жедел-іздестіру шаралары арқау болған картинаның кейбір эпизодтары шынайы оқиғаларға негізделген. Түсірілім жұмыстары Алматы облысының көрікті жерлерінде, Қонаев қаласында, Есік көлінің тауларында және Іле өзенінде өтті.
«Burkit» экшн фильмі 2 қарашадан бастап барлық кинотеатрларда қазақ және орыс тілдерінде шығады.