×

Конституцияны өзгертті, бірақ нақты реформалар жоқ: алматылықтар "Қаңтар оқиғасы" жайында

Qaz365.kz редакциясы алматылықтардың «Қаңды қаңтар» оқиғасына қатысты пікірін білді

Конституцияны өзгертті, бірақ нақты реформалар жоқ: алматылықтар "Қаңтар оқиғасы" жайында

Былтыр 2 қаңтарда Маңғыстау облысының тұрғындары сұйытылған мұнай газы қымбаттауына байланысты митингіге шыққан еді. Жаңаөзенде бастау алған наразылық шараларын Қазақстанның басқа ірі қалаларының тұрғындары қолдап, көшеге шеруге шықты. Алматы қаласында шерушілер полиция көліктерін қиратып, олар өртке оранды. Жүздеген адам қамауға алынып 4 қаңтар күні түнде ел аймағында Интернет байланысы өшірілді. 5 қаңтар күні таңертең Қазақстан үкіметінің отставкаға кеткені белгілі болды.

Елдегі жағдайдың шиеленісуіне байланысты, 5 қаңтарда төтенше жағдай Қазақстанның барлық аумағында енгізілді. Шерушілер маңызды нысандарға шабуыл жасап, Алматы, Талдықорған қалаларындағы әкімдік ғимараттары, Алматы әуежайы наразы халықтың қолына өтті. Артынша Қасым-Жомарт Тоқаев Ұжымдық қауіпсіздік туралы шарт ұйымы (ҰҚШҰ) басшыларынан көмек сұрағанын мәлімдеді. 10 қаңтарда ҰҚК тәртіпсіздіктер кезінде басып алынған барлық әкімшілік нысандардың қайтарылғанын, елдегі жағдайдың тұрақталғанын мәлімдеді. 11 қаңтарға дейін тәртіпсіздікке қатысып, қамауға алынған адамдардың саны 10 мыңға жуықтады. Тонаушылық пен бұзақылықтың салдарынан кәсіпкерлерге келтірілген шығынның мөлшері 100 миллиард теңгеден асты.  Деректер бойынша, дүрбелеңнен 238 адам қаза тапқан.
 

Әкімшілік ғимараттар өртеніп, дүкендер, дәмханалар, сауда және ойын-сауық орталықтары, банк кеңселері қирады. Ең көп зардап шеккен Алматыда қала құрылысын бақылау бөлімінің мәліметінше, 337 объект бүлінген, оның оны – мемлекеттік мекеме. Олар – Алматы әкімшілігі, Президент резиденциясы, прокуратура ғимараты, «Qazaqstan» телерадиокомпаниясы мен Алматы қаласы полиция департаментінің алты ғимараты. Ең қатты зардап шеккен - Республика алаңы аумағында орналасқан нысандар.

Qaz365.kz редакциясы алматылықтардың «Қаңды қаңтар» оқиғасына қатысты пікірін білді.

“Конституцияны өзгертті. Бірақ нақты реформалар жоқ. Қаңтардан кейін көптеген өзгеріс болады деп сеніп күттік. Бірақ өзгеріс болған жоқ, тіпті экономикалық жағынан жағдайымыз мүлде қиындап кеткен сияқты”, – деді Алматы қаласының тұрғыны Еркебұлан.

“Алматыда көтеріліс ошағы болған маңда тұрамыз. Жанымызда банк, қару-жарақ дүкені бар. Олардың барлығы қирады. Далаға нанға шыға алмай қорқып отырдық. Биыл қаңтар айы жақындаған сайын зәреміз қалмады. Қорқынышты күндер қайталанбаса екен деп тілейміз”, – дейді Гүлнәр

“Жақсылыққа сенеміз. Біз болмасақ та біздің балаларымыз жемісін көреді деп ойлаймын. Егер бірдеңе ұнамаса, қорықпай айту керек. Салық төлеп отырмыз, жоғарыдағылар соның есебінде күн көріп отыр. Арабтар сияқты тұрмасақ та, өмір сүру деңгейіміз Еуропаға жететіндей қазба байлығымыз бар. Тым болмағанда несиенің пайызы төмендетілуі керек”, – деді Арахан. 

“Жап-жас балалардың кетіп жатқанын естігенде жүрегім ауырды. Ешкімнің басына ондай жағдайды бермесін. Біз далаға шықпай үйде отырдық. Телеарнадан «Басқыншылар келді» деп хабарлағанда соғыс киносы елестеді”, – дейді Гүлжан. 

“Мен өзім дәрігермін. Алматы қаласының ауруханаларында жұмыс істейтін әріптестерімнің айтуынша, науқастардың жағдайы мүшкіл болған”, – дейді Сергей

“Бейбіт өмірді қалаймыз. Алдағы күндері мұндай қайталанбайды деп үміттенеміз. Жақындарымыз үшін қатты уайымдадық”, – дейді Кирилл.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Бөлім жаңалықтары

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →