×

Жаңа министр келгелі үстімнен түсетін арыз көбейіп кетті – Өмір Шыныбекұлы

Ардагер ұстаздың үстінен іс қозғалған

Жаңа министр келгелі үстімнен түсетін арыз көбейіп кетті – Өмір Шыныбекұлы
Фото: Өмір Шыныбекұлының фейсбук парақшасынан алынды

Түркістан облысындағы ардагер ұстаз, қоғам белсендісі Өмір Шыныбекұлының үстінен арыз түсіп, іс қозғалған. Қазір сот процесі жүріп жатыр. Бұл жағдайдың анығын өзінен сұрап білдік, деп хабарлайды Qaz365.kz.

«Қыркүйек айының ортасында Түркістан облысы Жетісай ауданына қарасты әл-Фараби атындағы мектептің мұғалімімін деп бір әйел хабарласты. Әңгімесінен ұққаным, мектептерінде бассыздық көп. Мектеп директорына ұжымда төрт адам қарсы шыққан. Екеуі мұғалім, қалған екеуі еден жуушылар екен. Бейнеүндеулері барын жеткізді. Қайда көрсететіндерін білмей жүрген көрінеді. Жетісайда тыңдайтын құлақ жоқ деп айтты. Жергілікті журналистер келіп, басшыларды мақтаудан әр аспаған. Сосын видеоларын жіберді. Шынында, қолдарында фактілер бар. Екі еден жуушы жарты ставкамен еңбек етеді, алатын жалақылары 33 мың теңге. Сол аз ақшадан директор бірдеңе дәметеді деп айтып қалды. Менің қолымда билік жоқ. Желіге жазып, Түркістан облысының сыбайлас жемқорлыққа қарсы күрес агенттігін, білім басқармасының аккаунтын тегтедім», – дейді Өмір Шыныбекұлы.

Ол жазбасында жекесіне видеоүндеулер келіп түскенін айтып, соның ақ-қарасын құзырлы органдар анықтасын деп жазған екен.  

«Көп ұзамай ҚР Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Түркістан облысы бойынша департаментінің басшысы Мұрат Төлеубаев хабарласты. Видеоларды алып келесіз бе деп сұрады. Арада 1-2 күн өткенде апардым. Біраз күннен кейін сотқа шақырту келеді. Қорлады, жала жапты деген баппен үстімнен іс қозғапты. Мектеп басшылығы еден жуушыларды, мұғалімдерді, мені де сотқа берген. Енді сол сотта жауап беріп жатырмыз. Кеше бір кезекті сот отырысы өтті. Адвокатым: «Бұл жерде қандай қорлау бар, құзырлы органдар ақ-қарасын анықтаңдар» деген скрин тұрғанын айтты. Жауап болмады. Сөйтіп, сот алдағы күндердің біріне ауыстырылды», – дейді мұғалім.

Оның айтуынша, тамыздың соңында Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің бастамасымен волонтерлік қозғалыс құрылыпты. Осыдан кейін Шымкент қалалық және Түркістан облыстық Антикордың өкілдері хабарласып, мүшелікке шақырған. Өмір Шыныбекұлы бірнеше ұстазбен бірге еріктілер қатарына қосылған.

«Біраз танымалдылығым бар мұғаліммін. Осындай танымалдыққа ие ұстаздың өзін сотқа сүйреп жатса, жағдайдың қандай екенін бағамдай беруге болады. Өйткені мен осындай фактіні жариялап, әділдігін ғана сұрадым. Сонда жаңағы волонтерлік қозғалыстың тағдыры не болмақ? Мұның артында кім тұрғанын білмеймін. Көктемде Оқу-ағарту министрлігінің аппарат басшысы бес мұғалімнің үстінен Ішкі істер министрлігі мен Бас прокуратураға шағым жазған. Соның бірі менмін. Алайда қабылдамай қойған. Одан кейін Алматы қаласының бір мұғалімі менің үстімнен Шымкент полициясына арыз жазды. Яғни, мені ұлтараздықты қоздырды деп айыптаған. Өзім 20 жылдан бері аралас мектепте істеймін. Әсіре ұлтшылдық, шовинистік пиғылым болса, 20 жылда әшкереленер еді ғой. Өз жұмысымнан сөгіс тұрмақ, ескерту алмаған адаммын. Үшінші рет басымнан биыл осындай жағдай өтіп жатыр», – дейді ол.

Өмір Шыныбекұлы бұрынғы министрліктердің кезінде мұндай болмағанын, жаңа министр келгелі сотқа жиі шақырылатынын айтып отыр.

«Артында бір күш тұр ма, басқа жағдай ма, білмеймін. Бұған дейін Аслан Сәрінжіпов кезінде білім жүйесіндегі келеңсіздіктерді айтып келемін. Ерлан Сағадиев пен Асхат Аймағамбетов тұсында да аянып қалмадық. Бірақ бірде-біреуінің кезінде мұндай болмаған. Енді қаңтарда жаңа министр тағайындалды. Үш рет істі болып жатырмын. Бұл кездейсоқтық емес-ау деп топшылаймын», – дейді тарих пәнінің мұғалімі.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора

 Редактор

Бөлім жаңалықтары

Тағы оқыңыз
2025 жылы жеке кәсіпкерлер декларацияны қалай тапсырады
Бүгін, 18:45

2025 жылы жеке кәсіпкерлер декларацияны қалай тапсырады

20 мың АЕК-тен астам мүлік сатып алғандар декларация тапсыруды жалғастырады.  
«Shine Muscat» жүзімі түрінен карантиндік зиянкестер табылмаған
Оларға қазіргі мөлшердің 6,5%- ы қосылады
7 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →