Депутат елдегі заңсыз ойын автоматтарының есебін ешкім білмейтінін айтты
Лотерея терминалдарының көбейіп кетуі өскелең ұрпақты ойынқұмарлыққа еліктірумен қатар, түрлі қылмыстың көзіне де айналып отыр. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында депутат Елнұр Бейсенбаев айтты, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі Kazinform-ға сілтеме жасап.
«Қазіргі кезде елімізде лудомания, яғни ойынқұмарлықтың өршіп бара жатқаны жасырын емес. Ол қоғамның үлкен дертіне айналды. Дегенмен азаматтарымыздың ойынқұмарлыққа салынуына лотерея ойындарының да тежеусіз көп таралуы алғышарт қалыптастырып отыр. Мәселен, елімізде «LOTOMatic», «LOTOclub» сияқты атаулармен жұмыс істейтін «Сәтті жұлдыз» компаниясынан лицензия алған екі компания бар. Ашық ақпарат көздерінен белгілі болғандай, екі компанияның да құрылтайшылары бір. Біреуі ақылы арнайы лоторея сататын лотоклубтардың жұмысын үйлестірсе, енді бірі елімізге жасыл-сары түсті аппараттарды енгізумен айналысады. Лотоклубтың мәселесін заңмен қатаң шектейтініміз анық. Өйткені бұл да казиноның, құмар ойынның бір түрі. Ал, жасыл-сары түсті терминалдардың еліміздегі ресми саны 5 мыңнан асып жығылады. Яғни әр облыс орталығында кемі 300 терминал бар, бұл тек қана ресми тіркелгендері. Бейресми, заңсыз жұмыс жасап жатқан «тажал ойын» жасыл-сары жәшіктердің есебін ешкім білмейді», – деді Бейсенбаев Премьер-министрдің орынбасары – Қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың атына жолдаған сауалында.
Оның айтуынша, Астананың өзінде мектептен 15-20 метр жерде орналасқан дүкендердің, жертөлелердің кіре берісінде осы ойын автоматтары толып тұр.
Бұл ешқандай да лотерея сататын автомат емес, ол – нақты казино автоматтары сияқты қолма-қол ақшамен төленетін және ұтысты бір мезетте алатын ойын автоматтары.
«Оған қоса, аталған ойын автоматтарын кімнің ойнап жатқанын қадағалайтын не бір адам, не бір мемлекеттік орган жоқ. Бұл автоматтарды торуылдағандардың көбі жас жеткіншек балалар, оқушылар екені анық. Мемлекеттік органдардың салғырттығынан оңай ақша табамыз деп, өз тағдырын қиратқан жас балаларымыз отбасыларын да сан соқтырып жатыр емес пе?! Лотерея терминалдарының көбейіп кетуі өскелең ұрпақты ойынқұмарлыққа еліктірумен қатар, түрлі қылмыстардың көзіне де айналып отыр. Ұрлық жасау, көлеңкелі бизнес және тағы басқаларының да түпкі себебі осында жатыр. Бақылаусыз орнатылғандықтан, олардан бюджетке салық та төленбейді. Ең қызығы, осы ойын автоматтары мен оларға қажет жабдықтар елімізде өндірілмейді, толықтай шетелдерден тасымалданады. Бұған құқығы бар заңды операторлардан бөлек, түрлі жолдармен астыртын тасымалдаушылар да жетіп артылады. Олар кеден арқылы контрабандалық жолмен заңсыз өткізіледі. Тұнып тұрған қылмыстық топтың іс-әрекетіне жатады», – деді депутат.
Бұл тұрғыда ол жоғарыда айтылғандарды ескере отырып, еліміздегі бүкіл лотерея терминалдарын тексеруді, сондай-ақ жеке және заңды тұлғалардың шетелдерден Қазақстан аумағына лотерея терминалдары мен өзге де лотерея жабдықтарын импорттауына толықтай тыйым салуды ұсынды.
Яғни оларды кеденнен өткізбеуді қолға алу қажет.