×

Назарбаев Қажыгелдин жайлы: Соттың 12 жылдық үкімі күшінде тұр

Экс-Президент кітабында Әкежан Қажыгедин жайлы жазды

Назарбаев Қажыгелдин жайлы: Соттың 12 жылдық үкімі күшінде тұр
Фото: Qaz365.kz

Экс-Президент Нұрсұлтан Назарбаев өзінің «Менің өмірім: Бодандықтан – бостандыққа» кітабында экс-Премьер Әкежан Қажыгелдин мен Павлодар облысының бұрынғы әкімі Ғалымжан Жақиянов туралы жазған. Назарбаев екеуі бір-бірімен бизнес үшін араздасқанын жазып, Қажыгелдиннің «КГБ-ның тыңшысы болғанын» баяндайды, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Кітаптың үзіндісін өзгеріссіз беріп отырмыз:

«Саяси тепе-теңдікке жасаған талдауым негізінен дұрыс шықты, бірақ мен маңызды бір нәрсені – даңққұмарлықты есепке алмай қалыппын дейді Маргарет Тэтчер. «Өмірбаян» кітабында. Әлемдік саясат корифейінің өзін жүрісінен жаңылдырып, өкінішке қалдырған осы даңққұмарлықтың қандай зардаптары болуы мүмкін екенін менің де білмей қалған кездерім бар. Бұл сөзімді алдымен екі жылдан астам уақыт Үкімет басында болған, тәуелсіздіктің таңсәрі шағында ел экономикасын тұрақтандыруға үлес қосар деген Әкежан Қажыгелдинге қатыстырып айтып отырмын. Былайша айтқанда, оған сөз шығындайтын да жөнім жоқ сияқты, дегенмен сол кездегі жағдайдан хабарсыз, ал бүгінде тек Ютуб арнасындағы арзан әңгімелерді ғана тыңдайтын оқырман үшін (өкінішке қарай, ондайлардың қатары қазір қалың-ақ) кейбір жайдың басын аша кету керек.

Қажыгелдинді облыс әкімінің орынбасары кезінде назарға алғаным, Семейдегі бір жиналыста сөйлеген сөзін батыл да оқыс ойлары үшін ұнатқаным, сол жерден бірден Үкіметке жоғарылатқаным, әуелі Премьердің бірінші орынбасарлығына қойғаным, араға бір жыл да түспей жатып, Үкіметтің тізгінін қолына ұстатқаным рас. Оның кандидатурасын Жоғарғы кеңесте ұсынарда «Менің жеке пікірім бойынша, ол білікті адам, нарықтық қатынастарды біледі. Бұл қазір қажет-ақ. Егер біреу-міреудің ескертпесі болса, қанеки бәрін өзіне айтайық. Мен оған сенемін, мен оны ұсынамын», – дегенмін. Парламент мені қолдаған.

Әкежанға кең өкілеттілік беріп қойғанымды (мысалы, бірқатар министрлерді, әкімдерді маған тікелей өзі ұсынатын) айналамдағылар ұнатқан жоқ. Олар тіпті «Көресіз, бұл адам түбі сатып кетеді» деп те айтты. Ешкім де Назарбаевтың жақтасы санай алмайтын саясаттанушы Нұрболат Масановтың өзі 1997 жылы бұл жөнінде «Егер ол билікке жетіп, экономикалық салада жасаған былықтарын саясат саласына да енгізе бастайтын болса, адамдарды қаумалап ұстау мен сотсыз-тергеусіз қудалау келетін күн де алыс емес деп шамалаймын. Дәстүршіл Назарбаевқа қарағанда, ол нағыз шімірікпейтіннің өзі. Содан да халық үшін де, қоғам үшін де әлдеқайда қорқынышты. Бұл орайда мен саясаттанушы ретінде Назарбаев мырзаға мынаны ескерткім келеді: Қажыгелдин мырзадан қатты қауіптенгені жөн», – деп жазған еді.

Жаңа Үкімет инфляцияның қарқынын бәсеңдету, теңге бағамын тұрақтандыру жөнінде бірқатар қадам жасай алды. Мен барынша қолдап отырдым. Әйтсе де, бара-бара «естен тандыра емдеу» бағыты басым бола бастады. Төлем қабілетсіздігі, жалақы мен зейнетақыны кешіктіру көбейді. Компрадорлық буржуазия бой көтеруге көшті. Қажыгелдин аз уақыт ішінде 152 кәсіпорынды сатуға шығарып жіберді. Ол кезде барлық мемлекеттік бағдарламалар, оның ішінде жекешелендіру тек Президенттің шешімімен қабылданатын. Қажыгелдин КГБ-ның тәрбиесін көрген, соның курстарында оқып, батыстың экономикасы жөнінде біраз мағлұмат алған адам. Оны нарық жағдайында жұмыс істеуге дайындаған. Жаңадан шығып жатқан, біздің адамдарға бейтаныс нарықтық терминдерді жаттап алған ол жұртқа бәрін білгіш сияқты көрінетін. Кейін белгілі болғандай, оны тыңшы немесе көше агенті (топтун) ретінде пайдаланыпты. Сатқындығы еске түскенде сол тәрбиесінің әсері шығар деп ойлаймын. Кейіннен Қажыгелдиннің пара алғаны анықталып, оны 12 жылға бас бостандығынан айыру жөнінде сот шешімі қабылданды. Бұл шешім әлі күшінде тұр.

Қажыгелдин Үкімет басқарған тұста бізде, Егор Гайдар басқарған Ресей Үкіметінің үлгісі пайдаланыла бастады, олигархиялық капитализм жолымен даму тұжырымдамасы қалыптасуға айналды. Премьер әкімдермен өткізген бір жиналыста тіпті бастапқы капитал еш уақытта адам жолмен жиналмайды дейтін теориясын да тарата түсіндіріпті. Бұл жөнінде жазудың өзі жиіркенішті».

Айта кетейік, экс-Президенттің кітабы қазір қоғамда қызу талқыланып жатыр. Кітапты БАҚ-тың жазуынша, Астанадағы «Фолиант» баспасы басып шығарған.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора

 Редактор

Бөлім жаңалықтары

Тағы оқыңыз
Шымкентте жаңа жылдық безендіруге қанша ақша жұмсалатыны белгілі болды
Кеше, 15:58

Шымкентте жаңа жылдық безендіруге қанша ақша жұмсалатыны белгілі болды

қосымша іс-шара өткізер болсақ, демеушілердің көмегімен өткіземіз
Қазақстан адам саудасына қарсы күрес бойынша әлем елдерінің екінші санатына кіреді
Коллекциялық монеталар Қазақстан теңге сарайында дайындалған
Қылмыстық іске басшыдан бөлек мекеме қызметкерінің де қатысы бар

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →