Елордада бірқатар тұрғын үй кешені орталық газбен жабдықтауға ауыстырылды
Астанада қаланы газдандыру аясында құрылысы аяқталып, қаланың «газ шеңберін» кезең-кезеңімен іске қосу басталды. Бұл жоба қала тұтынушыларын сенімді газбен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Жоба «Тұран», «Оңтүстік-Шығыс» газ жылу станцияларына, Үркер (Ильинка), Пригородный, Өндіріс, Кирпичный елді мекендеріне жоғары қысымды желілерді қосуды қамтамасыз етті.
Жобаны іске асырудың арқасында автономды қазандықтардан орталық газбен жабдықтауға «Будапешт», «Cosmic City», «Family Town» көппәтерлі тұрғын үй кешендері қосылды. Сол сияқты жақын арада «Куршевель» тұрғын үй кешені қосылады. Бұл үйлердің тұрғындары тұрғын үй кешенін орталық газбен жабдықтауға көшіру туралы қала әкімдігіне бірнеше рет өтініш білдірген. Табиғи газды пайдалану тұрғындардың жылу ақысын айтарлықтай азайтады, сондай-ақ сұйытылған мұнай газымен қамтамасыз етуде туындаған проблемаларды шешеді.
Биылғы күзде «Оңтүстік-Шығыс» газ жылу станциясының құрылысы, «Тұран» станциясының бірінші кезегі, құрылысы ұзаққа созылған ЖЭО-3-тің бірінші кезегі аяқталды. Жылумен қамтитын үш нысанның қуаты – 1140 Гкал/сағ. Осылайша, биылғы жылыту маусымында қалада жылу профициті байқалады.
Келесі жылы бірінші кезекте «Телман» газ жылу станциясын және екінші кезекте «Тұран» газ жылу станциясын пайдалануға беру жоспарланып отыр. Бұл қаланы тағы 850 Гкал/сағ жылу қуатымен қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.