×

«Оңтүстікте мінерге аты болмағанның солтүстікте бір ауылды басқаратын мүмкіндігі бар»: Қоғам белсендісі солтүстік аймақтарға қалай көшу керектігін айтып берді

Солтүстік Қазақстанға көшудің қандай артықшылығы бар

«Оңтүстікте мінерге аты болмағанның солтүстікте  бір ауылды басқаратын мүмкіндігі бар»: Қоғам белсендісі солтүстік аймақтарға қалай көшу керектігін айтып берді

Бурахан Дақановтың басты мақсаты – Қазақстанның солтүстік облыстарында қазақтардың санын арттыру. Өзі де жерлестеріне үлгі болып, Жетісу өңірінен Солтүстік Қазақстан облысына арнайы бағдарламамен қоныс аударған. Бүгінде ол қоғам белсендісі ретінде көшіп келген азаматтарды қолдайтын «Тәуекел» ұйымын құрған. Белсенді Qaz365.kz тілшісіне берген сұхбатында солтүстіктің жай-күйі, өзі құрған ұйым жайлы тарқатып айтып берді.

Бурахан Дақанов Алматы қаласында 1992 жылы дүниеге келген. Бүгінде Солтүстік Қазақстан облысы Шал ақын ауданындағы Сергеевка елді мекенінде тұрады. Өзі сияқты белсенділерден құралған «Тәуекел» ұйымын құрған. Ұйым көшіп келген азаматтардың басын қосып, бір-біріне көмек қолын созатын ақпараттық платформа түрінде жұмыс істейді екен.

«Тәуекел» ақпараттық «Call-орталығы» және кеңсесі бар еркін жүйе. Егер де билік біздің сұраныстарымызға барынша қолдау көрсетіп қанағаттандырса, онда біз осы көш мәселесін өз мойнымызға алуға ниеттіміз. Оңтүстіктен келген азаматтарды «үзеңгілестер» деп айтқанды жақсы көремін. Сондықтан да үзеңгілестердің арқа сүйейтін тіреуі болуы керек. Сондай арқа сүйейтін тіреуіштері «Тәуекел» ұйымы деп білемін. Осы уақытқа дейін оңтүстіктен солтүстікке көшіп келген азаматтардың жоғын жоқтайтын ешқандай да құрылым болмапты. Көшіп келген азаматтар ештеңемен де қорғалмаған ғой. Болашақта осы олқылықтарды жоюға барымызды саламыз», – дейді қоғам белсендісі.

 Қазіргі кезде «тәуекелдіктер» агитациямен айналысып жатқандарын тілге тиек етті.

«Ешқандай да демеушілеріміз  жоқ.  Үкімет тарапынан субсидия да бөлінбейді. Біз өз мүмкіндігімізбен өзіміз жүгіреміз. Жалпы ерікті жігіттерміз ғой. Ұйым құрылғалы бері солтүстікке көшудің маңыздылығы туралы, мұндағы табиғат, тарихи мекендер т.б. агитациялық жұмыстармен айналысып жүрміз.  Бұл жерде әйгілі ақындар мен батырлар туып-өскен. Әсіресе, Ақан сері, Сегіз сері, Үкілі Ыбырай, Біржан сал туралы айрықша атап өтсек болады. Бүгінде осындай аптал азаматтарды өмірге әкелу үшін солтүстіктегі қазақтардың санын арттыру қажет», – дейді ол.

Бураханның айтуынша, СҚО-да 530 мың халық тұрады екен. Оның 30%-ы ғана жергілікті қазақтар дейді. Көбісі дерлік ауылдық елді мекендерде қоныстанған көрінеді.

«Өкінішке орай, халық санының аздығы мен табиғи урбанизацияға байланысты шекара маңындағы көптеген ауылдар жабылып жатыр.  Біздің ұйымның басты мақсаты – осы ауылдарды сақтап қалу және дамытуға үлес қосу. Оны дамытудың жалғыз ғана жолы – көш мәселесін қолға алу.

Жалпы көш мәселесімен айналысып жүрген азаматтар әрбір жерде бар. Біз осы мәселемен айналысып жүрген азаматтардың солтүстікте басын қостық. Оның ішінде алыстан келген азаматтар да бар. Сонау Түркістанның Леңгірінен келген мықты жігіттер келе сала қарапайым жұмысшы болды. Қазіргі кезде теміржолда кадр бөлімінің басшысы», – дейді төрт перзенттің әкесі.

Оның айтуынша, «Тәуекел» ұйымының арқасында Ғ.Мүсірепов ауданына 20 шақты отбасы көшіп келіпті.

«Қолдау мәселесіне келсек, нақты қолдауларды сезініп жатқан жоқпыз. Кәсіпкер Сырымбек Тау деген ағаларым Алматыға шақырып, маған бір ат (автокөлік – авт.) мінгізді. Мұны айта кетпесем болмас. Нақты бір тараптан қаржыландырып жатқан кәсіпкерлер жоқтың қасы. Осы уақыт ішінде ешқандай да ақша алмадық. Оны да көрсете аламыз.

«Ат – ер қанаты» деген аталы сөз бар. Машинаға қолым жеткелі, солтүстікті батысынан шығысына дейін аралап шықтым. Біршама ауылдарға көшіп келген азаматтарға көмек қолын созып, осы көліктің арқасында біраз істерді тындырдық», – дейді ол.

Кейіпкеріміз бір жарым айдай Моңғолиядағы этникалық қазақтардың жай-күйімен де танысып қайтқан.

«Моңғолиядағы сапарымызға Дүниежүзілік қазақ қауымдастығының Қоғамдық кеңес төрағасы Асылбек Байжұма арқылы бардық. Өзім де осы кеңесте мүшемін. Баян-Өлгейдегі қазақтардың жай-күйі өте тамаша екен. Мемлекеттік тілі монғол тілі болса да, қандастарымыз қазақтың тілі мен салт-дәстүрін сақтап, әп-әдемі болып жайнап отыр. Бір қуантқаны, ол жақта Facebook желісі аса танымал. Көз көрген үш қазақтың біреуі танып отыр. Біздің бағытымызды алыста жүрсе де қолдап жүр. Бұйыртса, келесі жылдан бастап солтүстікке көшетін азаматтар да табылды», – дейді сұхбат беруші.

Оның пікірінше, «елім» деп елжіреп отырған азаматтар әлемде өте көп екен.

«Ауғанстанда соңғы уақытта болып жатқан саяси ахуалға байланысты тарихи мекендеріне оралғысы келетін қазақтар көп. Пәкістанда да 300-ге жуық қазақ бар. Оларды да елге алдыра алмай отырмыз. Түркіменстан, Иран, Өзбекстан т.б. жақтардан келгісі келетін қандастар жетерлік. Қытайдағы ағайындарды биліктері жібермейді. Үкімет барынша қолдау танытып, баспаналары мен құжаттарын шешсе, алдарына мал әперсе, қазақтар осында өмір сүріп кетеді», – дейді ол.

Дегенмен де этникалық қазақтардың тарихи мекендеріне оралуларына бюрократтық мәселелердің кедергі екендігін тілге тиек етті.

«Бүгінде Қазақстанға бірнеше жыл Моңғолия мен Қытайдан келсе де, ықтияр хаты мен азаматтығын ала алмай жүрген қандастар қаншама? Осы мәселелерді шешіп, ағайындарды бір-бірінен бөліп-жармай, бір жерге қоныстандырса, шеттен келетін қазақтардың саны анағұрлым артатын еді», – дейді ерікті.

Бурахан мырза солтүстік облыстарды оңтүстіктегідей қылу актуалды мәселе емес деген пікірде.

«Қайықтың бір жағында адам көп болса, қайықты сол жағы алып кетеді. Қазіргі кезде оңтүстік облыстарда шамамен 4 миллионнан астам артық адам өмір сүреді. Ал бізде 500 мың ғана  халық тұрады. Бұл дегеніміз үлкен демография ғой. Сондықтан да 50-де 50 болмаса да, 30-40 пайыз азаматтарды әкелсе, нұр үстіне нұр болатын еді. Үкіметтен белгілі бір қадамдар жасалса, бұл күндер де алыс емес.

Солтүстікке кез келген кәсіпкерлер қажет. Әсіресе, дәрігерлер мен мұғалімдерді оқытатын оқытушылар керек. Мұнда ауылшаруашылығымен айналысып, кәсіп ашамын деушілерге мүмкіндіктер орасан. Өзімнің жақсы көретін сөзім бар. «Оңтүстікте мінерге аты болмағанның солтүстікте бір ауылды басқаратын мүмкіндігі бар» деп айтамын. Оңтүстікте бар нәрсе мұнда да бар», – дейді ол.

Қоғам белсендісі азаматтардың көктем мезгілінде көшіп келуі ең дұрыс шешім дейді.

«Жалпы Солтүстік Қазақстан облысында оңтүстікпен салыстырғанда климаттық ауысулар ұзақ. Қазіргі уақытта оңтүстікте жаймашуақ күн шығып тұр. Ал, бізде қыстың бораны соғып тұр. Солтүстікке келемін деушілер қыс мезгілінің 5-6 айға созылатынын ескерулері қажет. Одан кейін көктемде келсе, көшке ең қолайлы сәт. Қыстың да шет-жағасын көріп қалады. Ел-жұртқа ең басты айтар ақылымыз осы», – деп сөзін аяқтайды.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора
Qaz365.kz редакциясы

 Редактор

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →