×

Дубайдағы беделді бәйгеде қазақстандық сәйгүлік жеңіске жетті

Екі шақырымдық жарысқа 13 жылқы қатысты

Дубайдағы беделді бәйгеде қазақстандық сәйгүлік жеңіске жетті
Ашық дереккөздерден

12 қаңтарда Дубайдағы Мейдан ипподромында өткен беделді бәйгеде қазақстандық Кабирхан есімді тұлпар жеңіске жетті, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Екі шақырымдық жарысқа 13 жылқы қатысты. Шабандоз Пэт Доббс мінген Кабирхан мәре сызығын бірінші болып кесті.

Қазақстанның атынан қатысқан тұлпар Кабирхан Дубайда өткен бәйгеден әлемдік турнирде алғаш рет жеңіске жетті. Бұл – сенсация!

«Тұлпарым үшін өте қуаныштымын.  Бұл менің ғана қуанышым емес, бүкіл Қазақстанның мәртебесін арттырған жеңіс болды. Өйткені ел болып тілеуін тілеп, жанкүйер болды. Сондықтан бұл – ортақ жеңіс”, – дейді.

Жалпы, Кабирханның статистикасы таңғаларлықтай. Тұлпар бұған дейін 9 жарысқа қатысып, 8 рет бірінші және 1 рет екінші орын алған. Дубайдағы жеңіс – ең үздік нәтиже.

Батыс Қазақстан облыстық "Бәйге" федерациясының мәліметіне сүйенсек, Кабирханды Қазақстанға 2021 жылы 1,5 жасында Надир Хасанов деген атбегі Америкадан өзінің досына Алматыға әкеліп берген. Оның айтуынша, алғашқы жарысын Алматы ипподромында бастаған жүйрікті Руслан Юлдашев дайындаған. Сол жылы Кабирхан ұшқыр бәйгеде үш ресми старт жасап, жүлдегер атанған. Сөйтіп, өз қашықтығында екі жастағы арғымақтар арасында Қазақстанның ең үздік ұшқыры атанды. 

Кейін оны бәйге науқаны аяқталған соң, оралдық Тілек Мұхамбетқалиев сатып алып,  Ресейдегі ұшқыр бәйгелерде сынау үшін сол жаққа алып кетеді. Ресейде Кабирханды Арыстангерей Шавуев есімді жаттықтырушы дайындап, Ресейде екі рет Дербидің үздігі атандырады. Жалпы, ол жақта алты старт жасап, оның бесеуінде бірінші боп келген.   Тек соңғы бүкілресейлік бас Дербиде Херомо атты тұлпардан кейін екінші боп келеді.

2023 жылдың қараша айында ат иесі Кабирханды Дубайдағы бәйгелерге сынауға алып барады. Дубайдағы жаттықтырушысы – Дуглас Уотсон. Кешегі 85-105 рейтингіндегі  тұлпарларға арналған гандикап бәйгесінде өзінен кейін он екі атты қалдырып, алғашқы боп мәре сызығын кесті. Айта кететіні, бұл жолы Кабирхан Ресейде қалып қойған Херомодан оза шапты. Одан бөлек, өзге қарсыластары да осал емес,  олар әртүрлі елдерден келіп, Дубайда бір жылға жуық дайындықта тұрған. Кабирхан бар-жоғы ол жақта екі айдай дайындалып шапқан екен. 

Енді Кабирханның алдында тағы бір осындай бәйге тұр. Сол жерде үздік атанса, Бүкіләлемдік кубок үшін бақ сынайды.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора
Qaz365.kz редакциясы

 Редактор

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →