×

«Дәстүр» фильмі қоғамға кері әсер етеді – кинотанушы

Белгілі кинотанушы «Дәстүр» фильмін «қисынсыз» деп айыптады

«Дәстүр» фильмі қоғамға кері әсер етеді – кинотанушы
Фото: ашық дереккөзден

«Дәстүр» фильмі расымен көрерменді дүр сілкіндірді. Бұл туынды төңірегінде түрлі пікір айтылып жатыр. Мақтаушылар мен даттаушылардың қарасы көп. Кәсіби көзқараспен қарағанда, фильмге қандай баға беруге болады? Осы ретте кинотанушы Дана Әмірбекова фильмге қатысты өз пікірін қосты, деп хабарлайды Qaz365.kz тілшісі Egemen.kz-ке сілтеме жасап.

«Фильмнің атын «Дәстүр» деп қою – өте провокациялық қадам, яғни көрермен назарын аудартып, жарнама жасауда өте ұтымды пайдаланылған айла. Фильмнің мағынасына үңілсек, келесі сұрақтар туындайды: зорланған қызды тұрмысқа беру деген қайдан шыққан, қашан пайда болған дәстүр? Дәстүр – ұлттың ежелден қалыптасқан өмір сүру қағидалары мен қоғам заңы болып негізделген, сана, тағылым, тәрбие, тіршілік ережесін құрайды. Ал қызды зорлықпен тұрмысқа беру – мыңнан бір кездесетін қасіретті жағдай. Қоғам заңдылықтарына қайшы келетін ондай жағдайларды қалайша дәстүр ретінде қарастыруға болады? Жоқ нәрсені бар деп көрсету арқылы фильм авторларының көздегені не?

Отбасылық зорлық-зомбылық тақы­рыбын жалаулатқан фильм реалистік әлеуметтік драма ретінде басталып, екінші жартысы діни мистикалық элементтері бар таптаурынға толы хоррор деңгейіне түседі. Оқиға желісінің жындармен шайқасқа түсетін жерінен бастап зорлық-зомбылық мәселесі ұмытылып, фильмнің желісі басқа арнаға бұрылады. «Нағыз қазақ – қазақ емес, нағыз қазақ – домбыра» дейміз. Алайда фильмдегі жан түршігерлік сахналар домбыраның үнімен сүйемелденіп, қастерлі аспабымыздың күмбірі фильмде жауыздық пен қасіреттің символына айналған. Ал «Аятул-Күрсі» сүресі сол жамандықтан құтқаратын жалғыз жол ретінде көрсетілсе, зұлымдықтың күрескері ретінде молда бейнесі алдыңғы планға шығарылған. Мұндай пайым ислам дінінен білімі таяз адамдардың санасын астарлы аяттар мен хадистерді тікелей қабылдайтын салафизм идеологиясына еліктіріп, теріс ағымның тозақтан сақтайтын жалғыз жол екеніне иландырады. Осылайша, сана-сезімі әлі қалыптасып үлгермеген, ақ пен қараның аражігін ажырата алмайтын жас буынның, демек фильмнің тікелей аудиториясының миын улап, ұлттық болмысымыз бен дүниетанымымыздан барынша алшақтата түсері сөзсіз», –  дейді Дана Әмірбекова.

Бұдан соң кинотанушы «Болашақ» ауылын мемлекетіміздің моделі ретінде бейнелеген авторлар фильм барысында объективтіліктен алыстап, тым біржақты көзқарас ұсынғанын айтады.

«Өмір тек ақ пен қарадан тұр­майды. Адамдар да жауыз немесе періштедей пәк болмайды. Шебер драматург кейіпкер табиғатын ашуда оның болмысына үңіліп, ішкі әлемінің қатпар-қатпар қалтарысына сүңгиді. Ал бұл фильмдегі кейіпкерлердің бәрі бір­беткей, оқиғасы жүрекпен емес, есеппен баяндалғаны байқалады. Фильмдегі байлар бейнесі адами құндылықтардан ада, руханилықтан алшақ, жәбірлеуші қоғам өкілдері ретінде суреттелсе, билік ел мүддесін емес, өзінің жеке басының жай-күйін ойлайтын парақор, ал полиция бай-қуаттылардың қолшоқпары ретінде көрсетілген. Бұндай көзқарас қоғамды екіге бөліп, іріткі салары сөзсіз.

Фильмнің соңы Болаттың жындыханада отырған сахнасымен аяқталады. Сонда алдымен қызды зорлап, оған мәжбүрлік жасап үйленіп, өлімге итермелеп, өлікпен төсек қатынасына түсіп, ол аз болғандай, анасының өліміне себепкер болып, әкесін пышақтап өлтірген адамға лайықты жазасын берудің орнына жындыханаға жатқызылып, оның психологиялық дағдарысқа ұшырауымен аяқталады. Демек кез келген қылмыскер істеген ісін мойнымен көтерудің орнына, қарғысқа ұшырағанын айтып ақталуына болады деген ой қалыптасады. Мұндай дискурс қоғам үшін аса қауіпті. Естеріңізде болса, қызды зорлап, оны өлімге жеткізген сәтінде оған әлі жын кірмеген болатын», –  деді маман.

Бұдан соң ол қазақтың дәстүрлі этикасы фильмде таспаланғандай бодандық пен конформизмге негізделмегенін сөз етті.

«Біздің халық – еркіндікті сүйетін, ойын бұқпай айтатын демократияшыл ел. Жетімін жылатпаған, жесірін қаңғытпаған біздің қоғам әділет жолында ойын қаймықпай айтып, қорғансыздарға қол ұшын беруге қашанда дайын. Өкініштісі, Диана сияқты жәбір көрген қыздар да жоқ емес. Алайда оны дәстүрге айналған үрдіс ретінде көрсетіп, соңында әділдікті алға тартпау – авторлар тұрғысынан адам өміріне деген құрметсіздік. Әрбірден соң адам өмірін құнсыздандыру, нақтырақ айтсақ, әйел өмірін аяқасты ету десек те қалт айтпаймыз. Әйел демекші, фильмдегі жауыздықтың орын алуына себепшілер – әйелдер. Бірі ешқашан бетінен қақпай еркелетіп, дұрыс тәрбие бермей өсірген ұлын түрмеден алып қалу мақсатында күйеуіне пара бергізсе, екіншісі жұрт алдында ұятқа қалмас үшін 10 мың АҚШ доллары көлемінде қалың сұратып, туған қызын жәбірлеушісіне тұрмысқа шығуға мәжбүрлейді. Естеріңізде болса, әйелді шайтанның торымен теңейтін хадис бар. Соған сай авторлардың пайымдауынша, зұлымдық – әйелден. Егер фильм авторлары зорлық-зомбылық мәселесін өтімділігі үшін емес, әйел тағдырына деген шынайы жанашырлық танытқандықтарынан көтерсе, экраннан жынның ойнағын алдыңғы планға шығармай, әділдіктің жеңісін көрсетер еді.

«Дәстүр» фильмі – мазмұны мен айтар ойы, мәні мен мағынасы жағынан қоғамға кері әсер ететін, драматургиясы қисынсыз, кино тілі тұрғысынан стилистік эклектикаға толы фильм. Бұл ешқандай да қоғамды сынға алатын немесе ой тастайтын фильм емес. Дін атын жамылған теріс ағымды уағыздайтын аталған дүние – бүгінгі таңдағы өтімді тақырыптарды жалаулатқан профанация. Кез келген туынды, әсіресе кино – адамның сана-сезіміне әсер ететін алпауыт күш. Сол себепті де авторлар көрерменнің назарына нені және қандай мақсатта ұсынып отырғандарына мұқият қарап, ұлт алдындағы жауапкершілікті сезінгендері абзал», – деді ол.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Аватар автора

 Редактор

Бөлім жаңалықтары

Тағы оқыңыз
2025 жылы жеке кәсіпкерлер декларацияны қалай тапсырады
Кеше, 18:45

2025 жылы жеке кәсіпкерлер декларацияны қалай тапсырады

20 мың АЕК-тен астам мүлік сатып алғандар декларация тапсыруды жалғастырады.  
«Shine Muscat» жүзімі түрінен карантиндік зиянкестер табылмаған
Оларға қазіргі мөлшердің 6,5%- ы қосылады
7 жыл бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды.

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →