Түркиядағы жер сілкінісінен қираған үйлердің суреттерін жариялады
Түркияда зілзала кезінде қаза тапқан қазақстандық Мирболат Құрмашевтің досы жер сілкінісінен зардап шеккен аудандарда ғимараттарды толығымен бұза отырып, тазарту басталатынын айтты, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Арман Молдаш Instagram-да Түркиядағы жер сілкінісінен қираған үйлердің суреттерін жариялады. Оның айтуынша, адамдар үйінділерді қолмен қазып, туыстарын тауып алуға тырысуда, өйткені құтқарушылар да, техника да көптеген үйге жете алмай жатыр.
"Көбісі атаусыз қабірлерге жерленген. Ертең қираған қалаларда тазарту басталады. Қаладағы барлық үйіндіні, құлаған ғимараттардың астында қалған адамдардың денесімен, тіпті арасында тірілері де болуы мүмкін, бәрін тып-типыл етіп тазалайды. Әйтпесе, ол жерлерде эпидемия басталуы мүмкін...", - деп жазды Арман.
Сондай-ақ, ол іздеу кезінде қираған ғимараттың үстінде тұрудың қорқынышты болғанын жазды. Ғимараттың қирандылары тербелгенде, адамдар мен еріктілердің бойына үрей ұялатады, бірақ адам баласы бәріне де үйренеді, дейді ол.
"Адамдардың жылдар бойы жинаған дүние-мүлкі ешкімге де қажет болмай, аяқтардың астында тапалып, үйінділерде жатыр. Өмір бойы жинақтап, бағалап жүрген жақсы көретін заттарымыздың барлығы бір-ақ сәтте жоқ болып кетеді екен. Басқа түскен осындай жағдайларда ғана нағыз құндылықтың не екенін жақсы түсінесің және жоғары бағалап жүрген нәрсенің еш құны жоқ екенін ұғына түсесің", - деп жазады Арман Молдаш.
Сондай-ақ, Арман өзінің парақшасында Антакияға барар жолда су мен тамақ ұсынып тұрған адамдарды көрсетті.
Бұған дейін Арманнан Хатайдағы Мирус пен оның достарының жоғалып кетуіне байланысты алған сұхбатты жариялаған едік.