Ол құқық қорғау органдары бұл іс бойынша тергеу жүргізіп жатқанын айтты
Сенат спикері Мәулен Әшімбаев жуырда ұсталған Biz Birgemiz Qazaqstan қорының басшысы Перизат Қайратқа қатысты сұраққа жауап берді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Мәулен Әшімбаевтың сөзінше, ол Перизат Қайратпен тығыз қарым-қатынаста болмаған.
«Мен онымен жақын таныс емеспін. Мен қоғамдық адам ретінде әртүрлі іс-шараға қатысамын. Осы іс-шараларда әр апта сайын көп адаммен кездесем. Өткен жылдары, мүмкін, ол қандай да бір іс-шараларда болған шығар, бірақ мен онымен тығыз қарым-қатынаста емеспін», – деді Сенат төрағасы.
Ол құқық қорғау органдары бұл іс бойынша тергеу жүргізіп жатқанын атап өтті. Егер кінәсі дәлелденсе, онда үкім қатаң түрде шығарылатынына сенімді.
«Бұл жерде ешкімде тергеу өте объективті, мұқият болатынына күмән болмауы керек. Олар барлық фактіні анықтайды. Егер ұрлық пен тиісті жауапкершілік болса, ол адамдар жазаланады», – деді ол.