×

Сириядағы жағдай Ресейдің күші шектеулі екенін көрсетіп отыр – саясаттанушы

11-12 қарашадағы Астана келіссөзінен кейін сириялық тараптар арасында сенімсіздік күшейген

Сириядағы жағдай Ресейдің күші шектеулі екенін көрсетіп отыр – саясаттанушы
Коллаж: Qaz365.kz

Әлемдегі геосаяси жағдайдың ушыққан бір нүктесі – Сирия болды. Қан-қасаптан әбден қиналған сириялықтар бейбіт күнге жете алмай келеді. Өткен аптада елдің астанасынан сол елдің президенті Башар Асадтың қашқаны белгілі болды. Толығырақ Таяу Шығыста не болып жатқанын саясаттанушы Жанат Момынқұлов айтып берді, деп хабарлайды Qaz365.kz.

Сирияда күштер балансы бұзылды

Саясаттанушының сөзінше, Алеппо қаласы 2016 жылы құлағанда Башар Асадтың, Таяу Шығыста Ресей мен Иранның ықпалы күрт күшейген. Қазір Түркия қолдаған сириялық оппозиция мен исламист «Шамды азат ету ұйымы» (ХТШ) қаланы Сирия үкіметінен тартып алған. Сирияның «оппозициялар коалициясы» Израиль мен Иран арасындағы қақтығыстың нәтижелерін пайдаланып қалды. Бұған дейін 11-12 қарашадағы Астана келіссөзінен соң сириялық тараптар арасында сенімсіздік күшейген болатын.

Сирия – Таяу Шығыста Иранның шиит жобасының басты, бірақ әлсіз буыны. Израиль-Ливан соғысы және оны тоқтату туралы келісім аймақтағы балансты өзгертіп, Асадтың ықпалын әлсіретті, Сирияға тікелей қауіп төндірді. Шабуылдың уақыты мен сәттілігі Иранның позициясының қаншалықты нашарлағанын көрсетеді. Көптеген жылдар бойы бұл аймақтағы ең агрессив күш болып, сунни елдерге қысым жасап келді.  

«Бұған дейін АҚШ та, Израиль де Сирияда болжауға болатын, қауқарсыз Асад үкіметі болғанын қалады. Өткен жазда Ресей кейбір әскерін Сириядан Украинаға әкетті. Содан бері Израиль Хизбулланы қатты әлсіретіп, Иран Израильге қарсы ең тиімді екі тежеу факторынан (Хамас-Хизбулла) айырылды.    

Алепподағы ираншыл "Ридуан" жасағы Ливан соғысына әкетілді. Яғни, Израильдің Ливанға шабуылына қарсы тұру үшін Сириядан көшірілді. Міне, осы күштің орны босап, Хизбуллаға тәуелді Асадтың әскері жалғыз қалды. Бұл аймақтағы геосаяси күштер тепе-теңдігін бұзды. Ливан соғысы Сирия үшін  психологиялық соққы болды. Иранның басты көздірі – Хизбуллаға үлкен зақым келтіріліп, барлық назар Сирияға ойысты», - дейді Жанат Момынқұлов.

Израиль бәріне дайын

Түркия бастаған оппозиция және экстремист ұйымдар бірлесіп, операцияны бастаған. Ал Иран әзірге бұл операцияның артында Израиль тұрғанын айтып, кінәлап отыр. Асадтың билікте отырғаны Израиль үшін осы кезге дейін тиімді болып келді. Сарапшы Эндрью Таблер оқиғаны аймақтық және жаһандық қақтығыстар тоғысқан тектоникалық бетбұрыс деп бағалады. Бұл оқиға Путин үшін де, Тегеран үшін де қауіп төндіреді. Бұл өзгерістер Түркияға пайда келтіреді: түріктер өзіне жақтас прокси күштердің аумағын кеңейтеді, солтүстік Сирияда күрдтерге қарсы ықпалын артырып, шекара қауіпсіздігін күшейтудің мүмкіндіктері туады.         

«Түркия қашан әрекет етуді жақсы біледі. Израиль Ливан мен Хезболланы бомбылап жатқанда түріктер үндемеді, бірақ екі тарап келісімге келген соң ғана Сирияда операция басталды. Сирия оппозициясы мен ХТШ бұрынғыдай діншіл-экстремист ұран көтермейді, олар Ресейге «біз саған қарсы емеспіз, біздікі Асадқа қарсы революция» деп отыр. Өйткені олар халықты да, әлемді де әсіре-діншіл ұранмен қорқытып алмайын деп, алдыңғы қатесін қайталағысы келмейді», - дейді ол.

Жанат Момынқұлов Израиль жағдайды жіті бақылап, кез келген сценарийге дайын екенін айтты. Оған негізгі мәселе Иран мен одақтастарын тізгіндеу. Иран Ливанға апаратын қару-жарақты Сирия жерімен таситын. Бұған дейін Израиль Сириядағы Иранның қару-жарақ арсеналы мен логистикасын әуеден қиратты. Сирияда Иранға қарсы демографиялық басымдыққа ие сунни халық біріге бастауы мүмкін.   

«Сарапшы Чарлз Листер оппозиция күштері Сирия әскерінен қашып шыққан кәсібилерден құралып, жылдам операция жасайтын конвенционалды «арнайы жасаққа» айналғанын айтты. Бірақ көтерілісшілер шабуылы сәтті өтіп, режим күштері күйреуінің басты себебі – Израильдің «Хизбуллаға» қарсы жасаған әскери операциясының тиімділігі. Ливан операциясы Сирия исламистері үшін өте маңызды мүмкіндік болды. Сонымен қатар, бұл жетістіктердің жалғасатынына кепілдік жоқ. Өйткені, Иран, Ресей және Хизбулла қауіп-қатерден оянып, қарымта шабуылдауға ресурстарды тарту жолын тапса оппозицияның жағдайы тағы қиындайды. Израиль үшін Сирияның химиялық қаруының тағдыры мен Голан биіктеріне қауіп төну  сценарийі ғана қызық», - дейді саясаттанушы.

Хамастың қатесі

Саясаттанушының пікірінше, Хамастың қатесі – Иран өзін соңына дейін қолдайтынына сеніп қалғаны. Соның салдарынан Израиль Иранға қарсы әсерлі стратегиялық шабуыл жасаған. Асад пен оның одақтастары өз позицияларын тұрақтандыру және кері соққы беру үшін авиация арқылы жұмыс істейді.  Ираннан, Ирақтан кейбір шиит жасақтар Сирияға аттанды. Оппозицияның әуе күштері жоқ, дегенмен дрондарды қолданады.    

Ал Ресей Сирия көтерілісшілерінің шабуылына жауап беруге асықпайды, себебі әскери –әуе күштерінің көп бөлігі Украинаға көшірілген. 

«Біз Ресейдің күшінің шектеулігіне куә болып отырмыз. Хмеймим әуебазасында Ресейдің әуе күштерінің азайып, ескі жойғыш ұшақтарды қолданып жатыр. Бұл оқиғаның аймақтық және халықаралық қауіпсіздікке елеулі салдары болады. Сириялық тараптар қақтығысты әскери жолмен шеше алмайды. БҰҰ ҚК 2254 қарарын орындау бойынша саяси процесті бастауға тараптар қабілетсіз. Құжаттағы бейбітшілік жол картасында «Сирияның болашағын Сирия халқы анықтайды» деген қағида бекітілген. Десек те, Сирия Украина соғысымен қабаттасып, халықаралық тепе-теңдікке әсер етіп үлгерді», - дейді саясаттанушы.

БіздіңTelegram каналына жазылып, соңғы ақпаратты оқыңыз. Егер хабарлама жолдағыңыз келсе, WhatsApp мессенжеріне жазыңыз.

Бөлім жаңалықтары

Ол еңбек жолын 2005 жылы Өскемен қаласының ішкі саясат бөлімінде бастаған
Жаңа тұрғын үй құрылысы жыл сайын ұлғайып келеді
Омбудсмендер институты –  күрделі мәселелерді шешетін тәуелсіз орган

Соңғы жаңалықтар

Барлық жаңалық →