Сот процесі 2010 жылдан бері жалғасып келеді
Қазақстан 14 жылға созылған Стати дауын толық шешті, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Бұл жөнінде Әділет министрі Азамат Есқараев мәлімдеме жасады.
«Tristan Oil» жетекші кредиторларының келісімімен Қазақстан Үкіметі, Ұлттық банк және Стати тараптары Қазақстандағы мұнай-газ активтеріне қатысты ұзаққа созылған дауды аяқтады.
«Дау аяқталған соң Қазақстанда инвестициялар тарту арқылы экономиканы дамытуға қосымша мүмкіндіктер пайда болады. Бұл ретте, дауды реттеуге республикалық бюджеттен қаражат пайдаланылмады», – деді Әділет министрі Азамат Есқараев.
Қол қойылған Түпкілікті реттеу туралы келісім бойынша аталмыш дау болашақта қайта көтерілмейді. Алайда келісімнің шарттары құпия қалады.
Еске сала кетейік, 2010 жылғы 21 шілдеде "Толқыннефтегаз" және "Қазполмұнай" компанияларының жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттарын мерзімінен бұрын тоқтату Стати тарапынан талап қоюға себеп болды. Олар лицензиялық-келісімшарттық шарттардың орындалмауына байланысты лицензияларынан айырылған. Сот процесі 2010 жылдан бері жалғасып келеді. Сот шешімдері бұған дейін Нидерланды, Бельгия, Люксембург, Швеция, Ұлыбритания, АҚШ-та қаралған.