Жетісу облысының әкімі Бейбіт Исабаев “Қорғас” шекара маңы ынтымақтастығы халықаралық орталығына инвесторлар тарапынан қызығушылықтың болмауының себебін түсіндірді, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Оның айтуынша, инвесторлар ол жерге барудан қорқады. Бұрынғыдай «бармақ басты, көз қысты» әрекеттерге жол беріледі деп қорқатын көрінеді екен.
Неге келмейтінін бизнесмендердің өзінен сұрау керек. Бір себебі – инфрақұрылым жетіспей жатыр. Екіншіден, шетелдік инвесторларды қорғау жөнінде арнайы заң болғанымен, сенімсіздік бар. Бұрынғыдай бола ма? Тамыр-таныстықпен, прокуратурасы бар, басқасы бар – зорлық қылып, тартып алмай ма? Бизнесімізді тартып алмай ма? Несі керек? Бұрын болды ғой? “Қорғастың” кімнің, қай отбасының (Назарбаев әулеті – ред.) ықпалында болғанын жақсы білесіздер. Сондықтан біз соның бәрін тазалап жатырмыз, – дейді Бейбіт Исабаев.
Ол “Қорғасқа” инвесторлардың көптеп келуі үшін инфрақұрылымын реттеу қажет екенін айтты. Сонымен бірге Үкіметтің Астанада отырып, “Қорғасты” дұрыс басқармағанын да атап өтті.
“Өкінішке қарай, “Қорғасты” бір жыл бұрын ғана облысқа берді. Бұған дейін Сауда және интеграция министрлігінің құзырында болды. Олардың 20 жыл басқарған кезіне, не істегеніне мен баға бере алмаймын. Бірақ біз қолымызға алған кезде “Қорғастың” жағдайы өте нашар болды”, – деді әкім.