Қазақстандық жас талантты теннисші Сандуғаш Кенжебаева жұптық сында Анталия (Түркия) ITF W15 турнирінің чемпионы атанды, деп хабарлайды Qaz365.kz.
Ол түркиялық Илай Йорукпен бірге жұп құрап ойнады. Турнирге екеуі екінші ракетка ретінде тіркелді. Кенжебаева мен Йорук жұбы финалда осы жарыстың басты фавориті германиялық Мина Ходжич – швейцариялық Мари Меттраукспен кездесті. Бірінші партияда қазақстандық-түркиялық жұп жеңіске жетті – 6:4. Екіншісінде қарсыластары есе қайырды – 5:7. Ал супер тай-брейкте Сандуғаш пен Илай жеңісті жұлып алды – 10:8.
Тағы бір қазақстандық, 20 жастағы Аружан Сағындықова ресейлік Мария Головинамен бірге Монастир (Тунис) ITF W15 жарысының финалында ұтылып қалды.
Қазақстандық-ресейлік дуэт соңғы бәсекеде ғана словениялық Зива Фолкнер – сербиялық Елена Миловановичке жол берді – 4:6, 4:6.