Бізге ұқсас ұлттар өзін қазақпыз деп таныстырып, елге кіруге ниетті
ҚР Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі Айбек Смадияров Ауғанстандағы қандастар мәселесі жөнінде Qaz365.kz сұрағына жауап берді.
Еске сала кетейік, бұған дейін Ауғанстандағы қандастар редакциямызға хабарласып, өз жағдайын айтқан еді. Олар Ауғанстандағы этникалық қазақтар жағдайының нашар екенін айтып жиі дабыл қаққан.
Елшіліктен үміт үзген ағайындарымыз Пәкістан, Иранға кетіп жатқанын да айтқан еді.
Бүгін Qaz365.kz тілшісі бұл мәселенің мәнісін ҚР СІМ ресми өкілі Айбек Смадияровтан сұрады.
«Әрине, біз бұл мәселені білеміз. Өздеріңіз білетіндей, Қазақстанда тұрақты түрде тұру түшін С1 санатындағы виза болуы керек. Оны алу үшін тиісті құжаттардың топтамасын тапсыру керек. Консул виза берді немесе бермеді деп айтуға болмайды. Өйткені виза беру, бермеу мәселесі бойынша ол шешім қабылдай алмайды. Оны арнайы комиссия қабылдайды. Ол комиссияға сондай құжаттардың топтамасын тапсыру керек», - дейді ол.
Айбек Смадияровтың айтуынша, егер Ауғанстандағы қандастар сол құжаттарды жинап, консулға тапсырса, консул оны Қазақстанға жібереді. Арнайы комиссия азаматтың құжаттарын тексереді.
«Қазіргі таңда жалған құжат, жалған ақпарат, сәйкес келмейтін құжаттарды беретін, тапсыратын азаматтар бар. Өздерін қазақ ұлтына қатысы бар екенін дәлелдей алмайтындар бар. Әрине, мұндай мәселе туындап жатыр. Оны енді өздері дәлелдей алмаса, комиссиядан өте алмаса, құжаттары жалған болса, біз оған қалай виза береміз? Сондай мәселелер бар. Виза алатындары өз құжаттарын реттеп, алып жатыр. Кезінде Ауғанстаннан қанша қандасымыз елге көшіп келді», - дейді ол.
Сыртқы істер министрлігінің ресми өкілі осыдан бір жыл бұрын Президенттің шешімімен Ауғанстанға арнайы ұшақ жіберілгенін, сол кезде ниет білдіргеннің көбі көшіп алғанын айтады.
«Содан кейін де қандастарымыз көшіп келді. Әрине, құжаттары дұрыс болса... Ешкімді мәжбүрлей алмаймыз. Бірақ Ауғанстандағы қиын жағдайды ескеру керек. Соған байланысты бізге ұқсас ұлттар өзін қазақпыз деп таныстырып, елге кіруге ниеті бар», - деп түйді Айбек Смадияров.