19 наурызда Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісі мен мәслихат депутаттарының кезектен тыс сайлауы өтеді
ЕҚЫҰ Қазақстандағы сайлау кезінде болатын заң бұзушылықтарды үнемі анықтап отырады, сонымен қатар, дауыс беруді бұрмалау фактілерін көрсететін көптеген фото мен бейнежазба бар.
Кандидаттарды тіркемеу
Бұл күндері өзін-өзі ұсынған кандидаттар көбінесе ұсақ-түйек себептерге байланысты сайлаудан тыс қалды. Жеті жыл бұрын Ася Төлесова декларацияда есепшотындағы соманы 78 тиынға артық көрсеткені үшін мәслихат сайлауынан шеттетілген болатын. 2019 жылы «Шындықтан қаша алмайсың!» деген ұранмен жұртшылықты дүр сілкіндірген эколог биыл да анасы Жанар Жандосова екеуі Алматы қалалық мәслихатының депутаттығына үміткер мәртебесінен айырылды. Екеуіне де «салық декларациясындағы сәйкессіздік» себеп болды. Төлесова мен Жандосова сот арқылы сайлау комиссиясы шығарған шешімнің күшін жоюды көздеп отыр.
Сайлауға қатысуға рұқсат берілмеген басқа да танымал қазақстандықтар туралы жазған болатынбыз.
Мәселен, белгілі саяси белсенді атыраулық Макс Боқаевты соттылығы бар екенін алға тартып, Мәжіліс сайлауына жібермеді. Ол 2016 жылы Қазақстандағы жер мәселесі бойынша өткен митингілерден кейін сотталған еді.
Nur Otan партиясының атына сын айтқан жазбалары үшін сотталған тағы бір белсенді – алматылық Әлнұр Ильяшевті сайлауға қатыстырмауға себеп болды.
Журналист Думан Мұхаметкәрімді де Алматы облысындағы сайлау комиссиясы тарапынан тіркеуден бас тартуға оның соңғы 10 жыл бойы Қазақстанда тұрақты тұрмағаны себеп болды, дегенмен журналистің өзі бұл нұсқаны үзілді-кесілді жоққа шығарды.
Сонымен бірге, осыған ұқсас себеппен белгілі алматылық дәрігер Қайырғали Көнеевті де ОСК сайлауға жібермей, дәрігердің 1,5 ай бойы тіркеусіз жүргенін айтып, тіркеуден бас тартты. Дәрігердің өзі осы уақытта Алматыда болғанын, дәрігерлік қызметпен айналысып келгенін айтады.
Қоғам белсенділерінің арасынан жұмысшылардың құқығын қорғаушы, Астана қалалық білім қызметкерлері кәсіподақтарының төрағасы Батыр Әлиев сайлауға жіберілмеді. Оның салық декларациясында кейбір сәйкессіздік анықталды.
Қазақтың белгілі актері Тұңғышбай Жаманқұловты сайлауға жібермеуге де дәл осындай себеп болды.
Саяси белсенді Әйгерім Тілеужанова өзін Мәжіліс депутаттығына кандидат етіп тіркеуден бас тартқан округтік сайлау комиссиясын сотқа беріп, жеңіп шықты. Алайда 28 ақпанда №3 ОСК-да кандидаттың тіркеу куәлігін тапсырғаннан кейін бірден полиция оны күштеп үйінен алып кетті. Тілеужанова полицияның кандидаттың қызметін атқаруға кедергі келтірген әрекетіне шағымданатынын мәлімдеді.
Бақылаушылар
Әлеуметтік желілерде Қазақстанның ірі қалаларындағы үгіт-насихат стендтерінде орналастырылған «Біз сені бақылап отырмыз!» деген жазуы бар плакаттардың фотосуреттері пайда болды. Олар Мәжіліс пен мәслихат депутаттығына кандидаттардың плакатының қасында орналасқан, сондықтан да интернет қолданушылардың дені бұл қандай да бір саяси қозғалыстың плакаты деген пікірде. Алайда плакат авторлары алдағы сайлауды бақылайтын «Ел дауысы» қоғамдық қорының белсенділері болып шықты.
«Ел дауысы» қорының өкілдері алғаш рет 2021 жылы өткен парламенттік сайлауда елдің ірі қалаларында бақылаушы ретінде өздерін көрсеткен болатын. Қор сонымен қатар, жергілікті қоғамдастықтардың белсенділерін оқытты, олар кейін ауыл әкімдерінің сайлауында, референдумда және соңғы президенттік сайлауда бақылаушы болған.
Тұрғындардың пікірі
Сайлау жақындап қалды. Үміткерлер, бақылаушылардың белсенділігі артып, соттасу, дау-дамай көбейген тұста мемлекеттің саяси тағдырын нақты шешетіндердің – дауыс беруші азаматтардың ойын білдік. Сайлаудың әділ өтетініне сене ме? Кімге дауыс береді? Тұрғындардың пікірін төмендегі бейнежазбадан көре аласыздар: